Сапаров Куандык Абенович

Сапаров Қуандық Әбенұлы биология ғылымдарының докторы, профессор, жаратылыстану Акакдемиясының академигі. Ол 1942 жылы 1 желтоқсанда Қарағанды облысы, Балқаш қаласында дүниеге келді. 1969 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің биология факультетін бітірді. Стажер зерттеуші, ассистент, аға оқытушы, доцент, зертхана меңгерушісі, профессор, биология факультетінің деканы қызметтерін атқарды.

Сапаров Қуандық Әбенұлы 1982 жылы Ломоносов атындағы Москва мемлекеттік университетінде кандидаттық диссертация қорғады. Оған 1983 жылы доцент атағы берілді.

2003 жылы докторлық диссертация қорғады. 2005 жылы профессор атағы берілді. 2007 жылы жаратылыстану Академиясының академигіне сайланды.

Сапаров Қ.Ә. сыртқы ортаның экстремальді әсеріне омыртқалы жануарлар өкпелерінің бейімделуінің клеткалық механизмдері туралы жаңа, өте маңызды мәліметтер ашты. Ол жануарлардың салыстырмалы морфологиясына үлкен үлес қосты. Оның экологиялық цитология бойынша зерттеулері тек Қазақстан мамандарының емес, сонымен қатар шет елдердің мамандарымен өте жоғары бағаланды. Сапаров Қ.Ә. 100-ден аса ғылыми еңбектердің, 1 монографияның және 4 мемлекеттік тілде шыққан оқулықтардың авторы. Сонымен қатар 2 ғылым кандидаттарын дайындап шығарды.

Сапаров Қ.Ә. 2008 жылы Қазақстан республикасының Білім және ғылым министрлігі тағайындаған мемлекеттік грантты жеңіп алып, "Жоғары оқу орындарының ең үздік оқытушысы" атағына ие болды.