Биология факультетінің ғылыми мектебі
Биология факультетінің ғылыми мектептерірінің қалыптасуы мен дамуы, әйгілі ғалымдар А.Н. Бартенев, В.А. Догель, Б.А. Домбровский, Н.В. Павлов, А.П. Полосухин, Х.З. Хусаинова, С.Р. Шварцман, М.Ф. Авазбакиева, Г.З. Бияшев, Н.Л. Удольская, Т.Б. Дарқанбаев, Т.М. Мәсенов, И.О. Байтулин, М.Х. Шығаева және басқа да елімізге, шетелге белгілі ғалымдардың есімдерімен байланысты. Осы ғалымдар факультетте палеонтологиялық, фаунистикалық, геоботаникалық, ихтиологиялық, гидробиологиялық, энтомологиялық, биоморфологиялық, генетика-селекциялық, микробиологиялық, физиологиялық, биохимиялық ғылыми бағыттардың негіздерін қалады. Ғылыми мектептердің әрі қарайғы дамуы жоғарғы аталған атақты ғалымдардың шәкірттері, профессорлар В.П. Митрофанов, В.М. Инюшин, К.Қ. Шүлембаева, Н.М. Мұхитдинов, Г.В. Николаев, С.Т. Нұртазин, А.А. Жұбанова, Т.М. Шалахметова, С.Т. Төлеуханов, С.С. Айдосова, С.Г. Нестерова және т.б. есімдерімен байланысты. Биология ғылымының заманауи бағыттары: физика-химиялық, молекулалы-биологиялық, биотехнологиялық, эколого-генетикалық дамуына академиктер Р.І. Берсімбаев, І.Р. Рахымбаев, профессорлар А.Т. Иващенко, А.Б. Биғалиев үлкен үлес қосты.
Факультеттің негізгі ғылыми жетістіктері: жануарлардың, өсімдіктердің және микроорганизмдердің жаңа түрлері сипатталды; Қазақстанның белгілі аймақтарына арналған құнды шаруашылық белгілері бар ауылшаруашылық дақылдарының жаңа сорттары алынды; экологиялық таза энергия және ресурс үнемдеуші технологиялар жасалды; өсімдіктер селекциясының генетикалық негіздері және гендер белсенділігін реттеудің молекулалы-генетикалық механизмдерінің жүзеге асырылу заңдылықтары бойынша зерттеулер жүргізілді.






