Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Биология мұражайы

 

 

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Биология мұражайы


Университетінің биология мұражайы 1936 жылы биология факультетінің зоология кафедрасының жанынан зоология, ал 1949 жылы биология мұражайы болып ашылған. Қазіргі мұражай 1984 жылы университеттің 50 жылдық мерей той қарасаңында ашылды.

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Биология мұражайы республика аумағында ғана емес, ТМД жоғарғы оқу орындарының арасында теңдесі жоқ бірегей мұражай. Бұл мекеме университеттің Phd, магистранттар мен бакалаврлар пайдаланатын ғылыми-зерттеу және ғылыми-ағарту орталығы.

 

 

Мұражайда 3 бөлімнен тұратын үлкен көрме залынан, 1 және 2 қабаттардың қабырға сөрелерінде «жануарлар мен өсімдіктер әлемінің жүйесі» қойылған 84 витриналардан тұрады. Сонымен бірге мұражай қоры бар, ол сүтқоректілер, құстар және жәндіктер болып бөлінген. Жалпы 84 витринада және үлкен көрме залында қойылған жәдігерлердің саны 5000 - нан асады. Осы залдағы жәдігерлер биология ғылымының қазіргі тақырып бағыттарына байланысты жүйелі түрде бөлімдерге бөлінген:

 

І. Қазақстан табиғатының биоалуантүрлілігі;

ІІ. Жер бетіндегі тіршіліктің эволюциялық дамуы;

ІІІ. Табиғатты қорғау;

IV. Жануарлар әлемінің жүйесі;

V. Өсімдіктер әлемінің жүйесі.

 

 

 

 

I. Қазақстан табиғатының биоалуантүрлілігі туралы бөлім

Бұл бөлім бойынша мұражайдың екі көрме залы қамтылған. Залда Қазақстанның табиғат зоналары, зоогеографиясы, биоценоздардың өзгеруі диорамалармен, карта, сызба және тізбемен берілген. Сонымен бірге, әр түрлі табиғат зоналарында мекендейтін омыртқалы жануарлардың тұлыптары қойылған. Кейбір жануарлардың (ақбөкен, су құстары) жыл мезгілінің маусымына байланысты қоныс аудару жолдары карта, пано, тізбе бойынша көрсетілген.

Мұражай залында Қазақстанда мекендейтін сүтқоректілердің 6 отрядының 17 тұқымдасының түрлері қойылған, жалпы саны 92. Құстардың 15 отрядының 41 тұқымдасының 127 түрі қойылған, жалпы саны – 261. Осылардың арасында Халықаралық (МСОП) және Қазақстанның Қызыл кітабына тіркеліп қорғауға алынған түрлері де бар. Сонымен бірге залда экзотикалық аңдар мен құстардың және бауырымен жорғалаушылардың тұлыптары да қойылған.

ІІ. Жер бетіндегі тіршіліктің эволюциялық дамуы туралы бөлім

Бұл бөлімде құрлықтардың қалай пайда болғаны және ол жерде тіршіліктің қалай дамығанының, сонымен бірге олардың даму ұзақтығы кестелерде сызба түрінде көрсетілген. Өсімдіктер мен жануарлардың геохронологиялық тізбесі берілген. Сонымен қатар адамның қалай, қанша уақытта пайда болғаны туралы үлкен паннода мәлімет берілген. Кіші диорамаларда (жалпы саны тоғыз) тіршіліктің эволюциялық дамуы көрсетілген.

Осы жерде үлкен ашық диорамада адамдардың көне дәуірдегі қонысы берілген. Іле түйеқұсы диорамасы арқылы қазіргі түйеқұстардың Отаны Қазақстан екені көрсетілген.

Сонымен бірге, осы жерде мұражайдың негізін қалаушылардың бірі, белгілі таксидермист Э.Ф. Родионовқа арналған экспозиция қойылған.

 

ІІІ. Табиғатты қорғау бөлімі

Бұл бөлімнің екі қабырғасында адамдардың іс әрекетіне байланысты жер бетінен жойылып кеткен жануарлар мен жойылуға жақын өсімдіктердің суреттері және олар туралы деректер берілген. КСРО-ның жануарлар дүниесінің үлкен картасы және Қазақстанның 1984 жылғы мәліметі бойынша 7 қорықтары туралы толық анықтама берілген үлкен тізбе. Сонымен қатар 4 диорама арқылы адамдардың табиғатқа ретсіз араласуының әсері және табиғат апаты бейнеленген: Адамдардың жөнсіз аңдарды жерсіндірудің салдары (Австралия); Тундра табиғатын бей-берекетсіз игеруінің салдары (Ресей); Тынық мұхитына мұнайдың төгілуінің салдары; Іле Алатауындағы су тасқынының орны.

Сонымен қатар осы бөлімнің ортасына Қазақстанның Тәуелсіздігінің 20-жылдығына орай «Қазақстан және Орта Азияның тоғайларының патшасы - Тұран жолбарысы» қайта өңделіп көрме залына қойылды.

 

IV. 1 - қабаттағы қабырға сөрелеріндегі “Жануарлар әлемінің жүйесі”
Осы “Жануарлар дүниесінің жүйесінде” (40 витрина) дүние жүзінде кездесетін жануарлардың: Омырытқасыздардың 9 класы мен 14 отрядтары; Омырытқалы жануарлардың 9 класының 86 отрядтарының 711 түрінің жалпы саны 765 дана жануарлардың тұлыптары, формалин мен спирттегі материалдары, бас сүйектері мен суреттері қойылған. Дүние жүзіндегі сүтқоректілердің 14 отрядының түрлері берілсе, Қазақстанда мекендейтін 7 отрядтың 57 түрінің, жалпы саны 113 данасы қойылған. Дүние жүзінде кездесетін құстардың 25 отрядтарының түрлері беріліп, соның ішінде Қазақстанда кездесетін 18 отрядтардың 186 түрінің 220 данасы қойылған.


V. 2 - қабаттағы қабырға сөрелеріндегі “Өсімдіктер әлемінің жүйесі”

Мұражайдың өсімдіктер әлемінің жүйесінде (26 витрина) төменгі сатыдағы өсімдіктердің (балдырлар, саңырауқұлақтар, қыналар, мүктер мен папортниктер) 42 кеппе шөптері (гербарий), жалпы саны 332 түрі, жоғарғы сатыдағы өсімдіктер 151 кеппе шөптері, арнаулы тұғырда 51өсімдіктердің үлкен кеппе нұсқалары (саңырауқұлақтар, бұталар және т.б.), дәрілік өсімдіктердің 40, 180 өсімдіктердің жемістері мен бүрлері, 53 түп нұсқасы және 24 суреттері қойылған.