16 December Independence Day

Тәуелсіздік күні қарсаңында әл-фараби атындағы ҚазҰУ-нің беіндік мектебінің оқушылары “Тәуелсіздік жолындағы – Желтоқсан шежіресі” атты желтоқсан оқиғасына қатысушылармен кездесу өткізді. Желтоқсан куәгерлері арнайы шақырылған кешке мектеп директоры, ұстаздар, оқушылар қатысты.

Басым бөлігі жастарды құраған басқосуға желтоқсан оқиғасына қатысушы Серкенова Анар Жеңісханқызы, мектебіміздің география пәні мұғалімі Қуанбаев Нұрлыбек Шамшатович шақырылды. Жастардың атынан сөз алған 11а сынып оқушысы Смағулова Құралай кейінгі жастар ата-бабаларымыздың армандап кеткен тәуелсіздікті әрқашан қадірлейтіндіктерін жеткізе отырып, Желтоқсан көтерілісіне қатысқан сол кездегі жастар, қазіргі аға-апайларымызға шексіз алғыстарын білдірді.

“Біз тәуелсіздікті әрқашан қадірлеп өтеміз. Себебі кезінде ата-бабаларымыз Сарыарқының төсіне ел қондырсам, берекелі, мерекелі ел болсам деген арманының куәгері - біздерміз. Әрине, 1986 жылы сіздер алаңға шығып, осы бүгінгі тәуелсіздігімізге жеткізіп отырсыздар. Сол үшін әл-фараби атындағы ҚазҰУ-нің бейіндік мектебінің атынан сіздерге шексіз алғысымызды білдіргіміз келеді. Жастарға келетін болсақ, тәуелсіздік - тәңірдің бізге берген тәтті сыйы деп білеміз,себебі, осы тәуелсіздіктің арқасында біз ендігі даму кезеңіне аяқ бастық, сондықтан осы еркіндікті әрқашан қастарлеп, қадірін түсіне білейік дегім келеді”,- деп өз ойын білдірді.

Биыл “желтоқсан оқиғасына” - 29 жыл. Бұл оқиға қазақ халқының сүйегіне басқан таңбадай есінде қалады. Солақай саясатқа қарсы шығып, қазақ жастарының мүддесін көтерген сол кездегі жастар, желтоқсан оқиғасына қатысушылар ерекше ерлік көрсетті десек артық айтқандық емес. Желтоқсан оқиғасына қатысушы Анар Жеңісханқызы мен Нұрлыбек Шамшатұлы желтоқсан оқиғасының әлі күнге дейін өзінің лайықты бағасын ала алмай келе жатқанын айтты. Жастарға азаттықтың таңын бағалай білуге, қазіргі ұрпақ оны ешқашан естен шығармау керектігін баса айтты. “Желтоқсан оқиғасы дейді, көтеріліс дейді, әлі күнге дейін өз бағасын ала алмай келе жатыр. Бұл біздің елімізді тәуелсіздікке жеткізген, қазақша ойымызды айта алатын, қазақша оқи алатын, білім алатын, еркін өмір сүре алатын, өз тәуелсіздігімізді қорықпай, ешкімнен үрікпей айта алатын деңгейге жеткізген үлкен сара жол деп білемін. Тарихи оқиға уақытында өзінің лайықты бағасын алады, желтоқсан да өзінің бір кездері лайықты бағасын алады деген ойдамын. Ол кезде 3 мыңға тарта адам алаңда болды деп жатты, кейіннен 5 мыңға жуық адам қатысқан дейді. Мүмкін одан да көп болды, себебі Алматы студенттер қаласы ғой. Әлі күнге дейін ондай нақты деректер жоқ”, - дейді Анар Жеңісханқызы.

Әріде желтоқсан куәгері аяусыз басып-жаншылған оқиғадан бастан кешкендерін айтып өтті. - Мен, 1986 жылы мектепті алтын медальмен бітіріп, қазақ ауылынан барып, Заңгер мамандығы бойынша оқып жүрген едім. Жағдай солай болды 18 жасымда алаңға мен де бардым. Біріншіден, үгіттеушілер болды ма білмеймін, әйтеуір алаңға өзім саналы түрде бардым. Біз ойымызды білдіру үшін бейбіт шеруге шыққан едік. Ол ешқандай да ұлтшылдықтың көрінісі емес еді. Тіптен ол кезде мен өзім қазақша білмейтін едім,бірақ жүрегім қазақ деп соғатын еді. Сондықтан көптің легіменен алаңға бардым. Ұсталып кетіп, үш күн тергеу абақтысында болдым. Тергеуге түстім. Бір жарым жылға абақтыға қамалдым. Бірінші рет түрмедегі қорлықты да, азапты да көрдім. Тергеушілердің әділетсіздігін көрдім. Көп нәрсені көргендіктен де шығар қазір қайсар мінезді болып жүргеніміз. Қазақ қыз- жігіттерінің бойында іздесе таптырмайтын, айтса баға жетпес үлкен қасиеттердің бар екенініне мен сол жерде көзім жетті. Жігіттердің жан айқайы, қыздардың жылағанын айтып жеткізу мүмкін емес. Әрбір желтоқсан сайын шақырған көп кездесулерден біз қашамыз, себебі, соның барлығы біздің жанымызды тырналайды. 29 жыл өтсе де, он сегіз жасымыздағы жара ешқашан жазылмайды. Шынында да біздер қазіргі әрбір күніміз үшін тәубе деуіміз керек,»- деп сол бір қаралы күндерді тебірене еске алды.

Иә, қалай десек те сол бір кездері ел азаматтығы жолында күрескендердің еңбектері еш кеткен жоқ. Әрқайсысының есімдерін ел біле қоймас, дегенмен олар ата-бабаларымызға тән өр рухтарымен халық есінде мәңгі сақталары анық. Жиын соңында мектеп оқушылары желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтарға арнап, көрініс көрсетіп, әйгілі ақындардың әндерін шырқады. Мұндай кездесулер жастардың эстетикалық талғамын дамытып, Отанды сүюге деген патриоттық сезімдерін дамытады.


 

 

Кешті қорытындылай келе, метебіміздің директоры Д.И. Алпысбаева қонақтарды арнайы кітап көрмесімен таныстырып, келген қонақтарға ризашылығын білдірді.

Publication date :  1/5/2016