"TENGE MONITOR" газеті

17.05.2019

Көрулер: 1257

Ынтымақ ырысқа бастайды

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Мысырдың халықаралық университеті (EIU) Каир қаласында қазақстандық ЖОО-ның филиалын ашу туралы келісімге қол қойды. Бұл еліміздің жетекші университінің ректоры, академик Ғалым Мұтановтың жыл басындағы сапары мен Мысыр Араб Республикасының жоғары білім және ғылыми зерттеулер министрлігінің басшылығымен қол жеткізген өзара келісімнің арқасында жүзеге асуда.

Филиал жаңа оқу жылынан бастап алғашқы мысырлық студенттерді қабылдайтын болады. Кейін олар ҚазҰУ-да академиялық алмасу бойынша білім алып, тағылымдамадан өте алады, ал олардың ішіндегі ең үздіктері кейін магистратураға түсуге мүмкіндік алады.
«Біз халықаралық рейтинг­терде алға жылжып, үлкен жетіс­тіктерге қол жеткізген қазақ­стан­дық жетекші университет – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен ынтымақтастық жасауға аса мүдделіміз. Университет кампусы әлемдегі ең үздіктердің бірі, мұнда студенттердің тұруы мен оқуына барлық жағдай жасалған. Сондықтан, APE Парламентінің депутаты, EIU өкілдеріжәне Қазақстан Республикасындағы Мысыр Елшілігінің өкілдерінен құрылған үлкен делегация ҚазҰУ-ға филиал ашу туралы келі­сім жасау үшін келді. Біз бұл жоба­ға жан-жақты қолдау көрсе­теміз», – деп атап өтті ҚР-дағы АРЕ Елшілігінің мәдениет және білім істері жөніндегі атташесі Ризк Ранда Махмуд ханым.
Айта кету керек, қазақстан­дық жетекші университет пен мысырлық жоғары оқу орындары арасындағы серіктестік қарқынды дамуда. Биыл Каир уни­верситетінде ҚазҰУ-дың қол­дауымен қазақ тілі оқытыла баста­ды, сондай-ақ әл-Фараби ғы­лы­­ми-білім беру орталығы ашы­­­лып, белсенді жұмыс атқаруда.
Жалпы әл-Фараби атындағы университеттің оқыту үдерісі жоғары деңгейде екендігін әлем елдері мойындап отыр. «Times Higher Education» (THE) беделді әлемдік рейтингінің зерттеу нәтижесі бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстандағы жалғыз жоғары оқу орны ретінде Азия елдерінің 251-300 үздік университеттерінің қатарына енді.
Университеттер рейтингісін құру барысында келесі көр­сеткіштер ескерілді: универ­ситет­тердің ғылыми-білім беру қызметінің тиімділігі; оқыту­шылар құрамының және жүргі­зілетін зерттеулердің деңгейі; ғылыми мақалаларды жариялау және дәйексөз келтіру; халық­аралық ынтымақтастық және басқалар.

Айнұр БАҚДӘУЛЕТҚЫЗЫ