ҚазҰУ ректоры ISESCO сыйлығын иеленді

26.09.2016

Көрулер: 3675

Қазақстандық ғалым, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры ғылым мен технология саласындағы исламдық ISESCO сыйлығының иегері атанды, - деп хабарлайды Qamshy.kz университеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Білім беру, ғылым мен мәдениет бойынша Исламдық ұйымның халықаралық сыйлығы (ISESCO) ұйымға мүше мемлекеттердің ғалымдарына биология, химия, геология, математика, физика және ғылыми технологиялар саласына сіңірген ғылыми-инновциялық еңбегі үшін екі жылда бір рет тағайындалады. Сыйлықтың құрамына сертификат, алтын медаль мен ақшалай сыйақы кіреді. «Биыл математикалық модельдеу мен техникалық және әлеуметтік-экономикалық жүйелерді басқаруда сіңірген ерен еңбегі үшін беделді марапатқа қазақстандық ғалым, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов ие болды. Аталмыш марапат Ғ.Мұтановтың ғылыми қызметінің халықаралық дәрежеде екенінің дәлелі», - делінген баспасөз қызметі таратқан хабарламада. ISESCO «Исламдық конференция» ұйымымен 1979 жылы құрылған болатын. Бүгінде ол әлемнің 50-ден аса мемлекетінің басын біріктіріп отыр. Халықаралық ұйымның қызметі мұсылман мемлекеттеріндегі мәдениеттің, ғылым мен білімнің дамуына жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған.