Қытайтану апталығы

08.02.2016

Көрулер: 2152

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультеті қытайтану кафедрасы жыл сайын ақпан айының басында дәстүрлі «Қытайтану апталығын» өткізеді. Биылғы жылы бұл шара ақпан айының 1 мен 5 жұлдызы аралығында өтті.

2016 жылдың 1 ақпан күні апталықтың ашылу рәсімі, және факультет деканы Б.Н. Жұбатова, ҚХР Алматы қаласындағы Бас консулы Чжан Вэй мырза, сондай-ақ, қытайтану кафедрасының оқытушылары мен студенттері қатысқан консул сағаты лекция түрінде өтті. Лекцияның тақырыбы: «Қазақстан-Қытай байланыстары: бүгінгі жағдайы және даму перспективасы». Лекция соңында студенттер Бас консулға өздерін қызықтырған сұрақтарды қойды. Консул сағатын студенттер дайындаған шағын концерт түйіндеді.

2 ақпан күні «我的梦想» тақырыбында шығарма конкурсы өтті. Аталған шараны қытайтану кафедрасының ұжымы ұйымдастырды. Ұйымдастыруға кафедра меңгерушісі Нәбижан Мұқаметханұлы, кафедра оқытушылары, доцент Ахметбек Гүлжан, аға оқытушы Абдурақын Нұрхалық жауапты болды. Конкурстың мақсаты студенттердің оқып жатқан тіліне қызығушылығын ояту, тіл үйрену деңгейін анықтау. Конкурсқа 2,3-курс студенттерінен 15 адам қатысты. Студенттердің шығармасын кафедра доценті Кенжебаева Аида, Конфуций институтының оқытушысы Шы Хүй және аға оқытушы Нұрхалық Абдурақын секілді оқытушылардан құралған қазылар алқасы бағалады.

3.02.2016ж. Қытай асханасы фестивалі өтті. Фестиваль бағдарламасы бойынша кафедра студенттері мен магистранттары қытай тағамдарын дайындаудан жарысқа түсті. Фестиваль барысында «Қытай тағамдары» атты фильм көрсетілді. Соңында студенттер мен магистранттар дайындаған концерт көрсетілді. Фестиваль қонақтары Көне Қытай мәдениеті жөнінде, қытай тағамдарының дайындалу тәртібі жөнінде бірқатар құнды мағлұматтар алды. Аталған шараға әртүрлі оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, сонымен қатар, шетелдік қонақтар, Чехияның шығыстану институтының қытайтанушы ғалымдары Андрей Клемиш пен Вера Екснерова қатысты.

4.02.2016ж. Қытайдан шақыртумен келген профессор Цао Ясюн «Жаңа Жібек жолы—тұрақты даму белдеуі» тақырыбында лекция оқыды. Лекция соңында «Жібек жолын жандандыру» атты деректі фильм көрсетілді.

5 ақпан 2016ж. студенттер арасында «Әлемдік саясаттағы Қытайдың орны» атты саяси дебат өтті. Дебатқа шығыстану факультеті қытайтану кафедрасының, халықаралық қатынастар факультетінің және Абылайхан атындағы Халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетінің студенттері белсенді қатысты.

Шара соңында апта барысында өткен конкурстарда жүлдегер болған студенттерді марапаттау рәсімі өтті. Апталықты студенттер даярлаған шағын концерттік бағдарлама қорытындылады.