Аударма ісі мәселелеріне арналды

08.02.2016

Көрулер: 3083

Аударма ісі мәселелеріне арналды

Жуырда ҚазҰУ-дың филология және әлем тілдері факультеті шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының ұйымдастыруымен «Филология, лингводидактика және аударматану: өзекті мәселелері мен даму бағыттары» атты І халықаралық ғылыми және оқу-әдістемелік конференция өтті.

Конференцияның ашылу салтанатында алғашқы сөз филология және әлем тілдері факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор Өмірхан Әбдиманұлына берілді. Ол «Шетел филологиясы» мен «Аударма ісі» мамандықтары 2015-2016 оқу жылында жаңадан тоғысып, жаңа бағытта қазіргі заман талаптарына сай оқытылып жатқанын тілге тиек етіп, конференция көтеріп отырған мәселелердің орта, арнаулы және жоғары оқу орындары оқытушылары үшін оқу үдерісінде ғылыми және әдістемелік тұрғыда тәжірибе алмасуда маңызды қадам екенін айрықша атап өтті.

Шара барысында ҚазҰУ-дың орыс тілі кафедрасын бірнеше жыл басқарған, қазіргі таңда Түркия елі Эскишехир қаласындағы Анатолийский мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Зинайда Сәбитова «Олжас Сүлейменов шығармашылығының гипермәтіндік кеңістігін» зерттеуге арналған терең де мазмұнды тақырыптағы баяндамасын оқыды. Сонымен қатар осы университеттің оқытушысы Эмине Карабаджак Кюндем И.А. Крыловтың «A crow and a fox/ Түлкі мен қарға» мысалының әлем мәдениетіндегі әртүрлі аударылу нұсқаларының ерекшеліктерін салыстыра отырып, өз баяндамасын ағылшын тілінде жеткізді.

Ал «Алтын көпір» халықаралық аудармашылар байқауының жеңімпазы, белгілі қазақ прозасының аудармашысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Аслан Жамелұлы Жақсылықов ақын-жыраулар шығармашылығын аударудағы концептілерге тоқтала келіп, Асан Қайғы, Шалкиіз және Махамбет жырауларда кездесетін анафора мен монорифмалардың мәнерлі де тұрақты сөз қалқаларын түзудегі кейбір ерекшеліктеріне тоқталды. Ол өз баяндамасында келтірілген аударманы мәтін түпнұсқасымен салыстырып, аударма мәселесінде кемшін кетіп жатқан тілдік құбылыстар туралы сөз қозғады.

Сондай-ақ, шарада MacMillan баспа үйінің өкілі Назира Куратова, кафедраның аға оқытушылары, тәжірибелі оқытушы-әдіскерлер Татьяна Колесникова мен Алма Валиева сөз алып, өз тәжірибелерін ортаға салды.

ҚазҰУ-дың шет тілдер кафедрасының, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері, Іскерлік карьера және шет тілдер университеттерінің оқытушылары «Болашақ мұғалімдер мен аудармашыларды кәсіби даярлаудың теориясы мен әдістері», «Шетел тілдерін оқытудың заманауи технологиялары», «Әлемнің тілдік бейнесі мен мәдениаралық қарым-қатынас», «Аударманың жалпы теориялық және жеке мәселелері» атты секциялар бойынша баяндама жасап, өз ой-пікірлерімен бөлісті.

Тіл білімінің қазіргі кезеңдегі мәселелерін арқау еткен конференцияда лингвистика мен лингводидактиканың даму деңгейін танытатын ғылыми ұғымдар мен түсініктер, аударма ісі, аударматануға қатысты теориялық және тәжірибелік еңбектердің аудармашының аудару техникасы мен технологиясына қаншалықты әсер етіп, үлес қосатыны тұрғысынан жарық көрген ғылыми еңбектер кеңінен қамтылды. Қатысушылар назарына MacMillan баспа үйінің соңғы жарық көрген басылымдарының көрмесі ұсынылды.

Магүлсім ЖАҢАБЕКОВА,

шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының оқытушысы

Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының

оқытушылары Магүлсім Жаңабекова мен Сәуле Сейденова