ТӘРТІПКЕ ШАҚЫРҒАН АПТАЛЫҚ

08.02.2016

Көрулер: 1805

Әл-Фараби бабамыз айтып кеткен «Тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы» деген қанатты сөздер күні бүгінге дейін өзектілігін жойған жоқ. Ұрпақ тәрбиесі, студенттердің құқығы, олардың қоғамдық белсенділігі қазіргі қоғамда да аса маңызды. Аталған дүниелердің бірі тұлғаның бойынан табылмаса, оның алған білімі өз жемісін бермесі анық.

Елбасы Н.Ә. Назарбаев жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауларында, одан бастау алатын мемлекеттік бағдарламаларда үнемі тәрбие мәселесі, жеке адам құқығы, әрбір тұлғаның қауіпсіздігіне айрықша көңіл бөліп келеді. Осы орайда Елбасының бастамасы мен Жолдауын талдап, қоғамда іске жарату, тұлғаны қалыптастыру және олардың құқықтық міндеттерін түсіндіру мақсатында қара шаңырақ ҚазҰУ-да 26 қаңтар мен 5 ақпан аралығында Тәрбие жұмысы жөніндегі департамент пен Академиялық мәселелер жөніндегі департаменттің, Оқу-әдістемелік бөлім мен Қауіпсіздік және жедел әрекет ету орталығы басшыларының қатысуымен «Құқық бұзушылықтың алдын алу» тақырыбында әр факультетте кездесу болып өтті. Шараларға факультет басшылары, аға-оқытушылар, аға-кураторлар мен факультет студенттері қатысты.

Кездесулер барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ішіндегі ішкі тәртіп ережелерін сақтау, Студенттің ар-намыс кодексін өзара талқылау, жатақханадағы тәртіпті сақтау, емтихан кезіндегі құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері қозғалды.

Студенттер тарапынан көптеген сұрақтар қойылып, шешімін таппай келген кей мәселелер қаралды. Талқылаулардан студенттер өз құқықтары жайында толыққанды мәліметтер ала алды. Ұйымдастыру шаралары кезінде білімгерлер алға қойған мақсаттарға жету жолында тәртіпті әрі тәрбиелі болу керектігін сезініп, ықылас-ризашылықтарын білдіріп жатты.

Марғұлан АҚАН,

Тәрбие жұмысы және тіл саясатын ұйымдастырушылық-әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің маманы