«1000 ізгілікті іс»

02.02.2016

Көрулер: 2073

«Алматының 1000 жылдығына - 1000 ізгілікті іс» акциясы аясында G38 жастар ұйымы аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері кезекті қайырымдылық шарасын жүзеге асырды.

Бұл жолы көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған 10 отбасына қажетті дәрі-дәрмектер сатып алу үшін сертификаттар табыс етілді. Аталмыш жоғары оқу орнының студенттері акция басталғалы бері қайырымдылық шараларына белсенді түрде атсалысып жүр.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жастар ұйымдары комитетінің төрайымы Айсұлу Ерниязованың айтуынша, мұндай акциялар жастарға ғана емес барлық қала тұрғындарына үлгі болады.

«әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері қала жастарымен бірлесе отырып, биылғы жылдың соңына дейін осы акцияға қатысады. «1000 ізгілікті іс» акциясының мақсаты - көп балалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына, жалғыз басты қарттарға, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, мүмкіндігі шектеулі жандарға, мүгедек және жетім балалаларға көмек көрсету», - деді А. Ерниязова.

Бұдан басқа, университеттің белсенді жастары жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының түлектерін жұмысқа орналастыру, «Кеңес» орталығы арқылы оларға заңдық ақыл-кеңестер беру, сондай-ақ, аталған оқу орындарында дайындық курстарын ұйымдастыру жұмыстарын да қолға алды.

Алдағы уақытта, жұмыс жоспары келіп түскен ұсыныстар мен пікірлер негізінде әзірленетін болады.