Жастарға артылар сенім зор

02.02.2016

Көрулер: 2884

Қатаң тәртіп, сапалы білім, тынымсыз еңбек – жастарға міндет

Жақында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология және әлем тілдері факультетінде «Жаңа әлеуметтік» саясат тақырыбында Елбасының халыққа жолдауы негізіндегі ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция аясында университеттің тәрбие жұмысы жөніндегі департамент директоры Меңдігүл Сағатқызы Ноғайбаева студенттерге арнап ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты халыққа жолдауының «Жаңа әлеуметтік саясаты» тарауы негізінде ҚазҰУ ұжымының алға қойған мақсаты туралы баяндама оқыды. Сонымен қатар аталмыш жиынға филология факультетінің деканы Өмірхан Әбдиманұлы, ҚазҰУ-дың жедел әрекет ету орталығы жетекшісінің міндетін атқарушы Есенғали Тұрдыбекұлы Қамшаев, тәрбие жұмысы және тіл саясатын ұйымдастырушылық-әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің бастығы Әбішев Талғат Болатұлы, Қауіпсіздік комитеті қызметінің жетекшісі Ерназар Қамидоллаұлы Ишанов және оқу бөлімінің бастығы Aйжан Aсылбекова атсалысты.

Тәрбие ісі жөніндегі департамент директоры Меңдігүл Сағатқызы өз сөзінде: «Патриотты жастарды тәрбиелеу үшін бізге, ең алдымен, тәртіп, одан кейін білім керек. Сіздер, жастар, ілімге үйір, білімге құштар болып, ғылымға келсеңіздер, Қазақстанның бірегей тұтастығы сақталып, «Мәңгілік елдің» іргетасы қалана бермек», – деп пікір білдірді. Ол өз баяндамасында қазіргі таңда әлем бойынша орын алып отырған дағдарыс, мұнай бағасының төмендеуі, доллар бағамының күрт өсуі секілді экономикалық мәселелермен қатар өзге елдерде болып жатқан наразылықтар, әлемнің әр түкпіріндегі орын алып отырған терроризм, геосаяси жағдайындағы тұрақтылық сынды мәселелерге шолу жасады. Жаһандық дағдарыстан аман шығуға Елбасымыздың 2015 жылғы жолдауы жолбасшы болатынын атап өтті. Сөз соңында: «Мемлекет менен, сенен бастау алады, жас дос! Ортамызды игілікті, ісімізді берекелі ету, шебер маман атану мен асқақ армандарға жету – бәрі өзіміздің қолымызда. Тынбай еңбек етіп, еліңнің, өскен ортаңның мәртебесін арттырып, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық таныту да әр адамның ниетінің өлшеміне байланысты», – дей келе, барша студенттерді кәсіби білім алуға, қоғамдық жұмыстарға белсене араласуға¸ оқу корпустарында тәртіп пен тазалықты сақтауға, өзге де орындарда мәдениеттілік танытуға, үлкен алдында ізеттілік, кіші алдында кішіпейілділік көрсетіп, мейірімді болуға шақырды.

Келесі сөз кезегі оқу бөлімінің бастығы Aйжан Aсылбекқызына берілді. А.А. Асылбекова Елбасы Жолдауындағы жаңа қазақстандық білім беру жүйесіне тоқталды. Ол жастар ел келешегі екенін ерекше атап өтіп, «Елбасымыз айтқандай, кейінгі буын, жастар – елдің келешегі. Мектептен бастау алып, ЖОО-да жалғасатын білім жүйесі жыл сайын жаңаруда. Оған себеп – жаһандық дамыған заманда технологияның қарыштап дамуы. Осы ретте білімді дайын өнімге бағыттамай, барынша күшпен еңбектенуге дағдылану қажет. Бұл, ең алдымен, білім ордасы талап ететін ұстаным», – деп өз ойын аяқтады.

ҚазҰУ-дың жедел әрекет ету орталығы жетекшісінің міндетін атқарушы Есенғали Тұрдыбекұлы да жастарға қарата: «Құрметті білімгерлер, біздің университетімізде, қалашығымызда әрбір ҚазҰУ студенті жан-жақты білім алуға, еңбек етуге, қоғамдық жұмыстарға белсене араласуға және демалуға толықтай жағдай жасалған. Қалашық жайлы әрі қауіпсіз болу үшін ректорат, деканат және қауіпсіздік мекемесі тарапынан көптеген қызметкерлер күні-түні жұмылдырылуда. Сіздерден кәсіби маман иелері қалыптасу үшін күш жұмсаудамыз. Қалашығымызда орын алып отырған кез келген тәртіп мәселесі дер кезінде өз шешімін тауып, қажетті шаралар қолданылуда. Бауыржан Момышұлы атамыз: «Тәртіпке бас иген құл емес» деп айтқандай, баршаңызды тәрбиелі, тәртіпті болып, сапалы білім алуға шақырамын» деп, өз ойын ортаға салды.

Осылайша жастарға көп ой салған жиынды факультет деканы Өмірхан Әбдиманұлы қорытындылап, баяндама оқыған университет қызметкерлеріне алғыс білдірді. Көп мәліметке қаныққан студенттер де ұстаздарына ризашылықтарын айтып, ерекше ықыласпен тарқасты.