ҚазАқпарат

28.01.2016

Көрулер: 1683

Универсиада қарсаңында Алматының әртүрлі қызметтерінің қызметкерлері үшін ағылшын тілі курсы жүргізіледі

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Универсиада қарсаңында Алматының әр түрлі қызметтерінің қызметкерлері үшін ағылшын тілі курсы жүргізіледі. Бұл туралы бүгін Алматы қаласы әкімдігінде өткен арнайы жиын барысында 2017 жылғы қысқы «Универсиадаға дайындалу және оны өткізу бойынша дирекция» басшысы Әсет Әбдуәлиев мәлім етті.

«Үстіміздегі жылдың наурыз айынан бастап, ІІД, ТЖД секілді арнайы мамандандырылған қызметтер мен басқа да мекемелердің қызметкерлері үшін арнайы бағдарлама бойынша ағылшын тілі курсы жүргізіледі. Ойындарды өткізуді ұйымдастыруға 1,5 мыңнан астам қызметкерлер тартылады. Яғни, олардың барлығы да осы курстан өтеді», - деді Ә. Әбдуәлиев.

Сонымен қатар, оның айтуынша, оқыту курстары «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Абай атындағы ҚазҰПУ, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті және С. Демирель атындағы Университетте өтеді. Оқу тегін.

Айта кетелік, қысқы Универсиада ойындары 2017 жылы Алматыда 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында өткізіледі. Сегіз нысанда спорттың 12 түрінен жарыстар болады.