Айқын

28.01.2016

Көрулер: 1515

ТҮРКСОЙ шәкіртақы тағайындады

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті ТҮРКСОЙ кафедрасы студенттеріне ТҮРКСОЙ ұйымы шәкіртақы тағайындады.

Аталмыш кафедра бір жыл бұрын ректордың бастамасымен ашылған болатын. Жақында осы кафедраның ең үздік студенттеріне Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ) атынан шәкіртақы тағайындалды.

Халықаралық ұйымның Бас хатшысы Қасейінов Дүйсен Қора­бай­ұлының атынан «Түркі­тану», «Шетел филологиясы: түрік тілі», «Аударма ісі» мамандықтары бойын­ша білім алатын студенттерді ынта­ландыру және әлеуметтік тұр­ғыдан қолдау мақсатында берілген шәкіртақыны ТҮРКСОЙ Қаржылық бөлімінің басшысы Санжар Мүләзімұғлы Анкарадан арнайы келіп табыстады. Әрбіреуі 100 000 (жүз мың) теңге көлеміндегі бірреттік шәкіртақы ТҮРКСОЙ кафедрасының белсенді және ең озат сегіз студентіне берілді.

Жиында сөз сөйлеген ТҮРКСОЙ өкілі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басшы­лығын соңғы уақыттағы білім беру мен ғылым саласындағы халық­ара­лық деңгейде қол жеткізген же­тіс­тіктерімен құттықтап, халықа­ра­­лық ұйым мен универси­тет арасындағы ынтымақтастық­тың бұдан әрі де дами түсетініне сенім білдірді.

Жиын соңында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универси­тетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов ТҮРКСОЙ ұйымының бас­шы­лығына студенттерге көрсет­кен қолдаулары үшін ерекше алғысын білдірді.