Экономика

28.01.2016

Көрулер: 1516

Тұрақты даму идеясын алға жылжытуда

БҰҰ тұрақты үйлестірушісі, БҰҰ даму бағдарламасының Қазақстандағы өкілі Норимас Шимомура әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ресми іс-сапармен болды.

Кездесу барысында тәуелсіздік алған уақыттан бері университет БҰҰ, әлемнің ең беделді халықаралық ұйымның қызметіне студенттер мен ғалымдарды белсенді тартып келе жатқандығы айтылды. 2011 жылы университет Орталық Азия ЖОО арасында бірінші болып Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Бас хатшысы Пан Ги Мунның бастамасымен құрылып, Академиялық ықпалдылық (UNAI) бағдарламасына қосылды. БҰҰ-мен ынтымақтастық орнату университет үшін басымдылық болып табылады. UNAI бағдарламасы БҰҰ жетекші қағидаттарына негізделген әлемдегі ең үздік ЖОО-ның студенттері мен зияткерлік элитаны біріктіреді.

Елбасының тұрақты дамуға бағытталған G-Global және «Жасыл көпір» идеяларын жүзеге асыру мақсатында ҚазҰУ «Green Bridge through Generations» платформасын әзірледі. 2012 жылы Рио-де-Жанейрода өткен «Rio+20» конференциясында ҚазҰУ өз алаңқайын ұсынған жалғыз университет болды. Білім мен ғылымның тұрақты дамуы бойынша ЮНЕСКО-ның жергілікті хабы мен БҰҰ жаһандық хабын басқару мәртебесі біздің университетке сеніп тапсырылған. Бүгінде ҚазҰУ жыл сайын Орталық және Оңтүстік Азия, Еуропа мен АҚЩ-нан 300-ден аса студенттің басын қосатын «БҰҰ моделі - Жаңа Жібек жолы» халықаралық студенттік ойын-конференциясын ұйымдастыру мен өткізу жұмыстарына белсенді атсалысып отыр.

Н. Шимомура өзін жылы қарсы алған ҚазҰУ-нің ұжымына алғыс білдіріп, университеттің тұрақты даму бойынша көш бастап келе жатқандығын және БҰҰ-ның артқан үлкен сенімін атап өтті. Оның пікірінше тұрақты даму бастамасына көбірек адам тартқан дұрыс. «Біздің мақсатымыз неғұрлым көп адамды ақпараттандыру арқылы тұрақты даму идеясын алға жылжыту. ҚазҰУ тәжірибесі басқа көптеген жоғары оқу орындарына жақсы үлгі. БҰҰ, кәсіпкерлер мен университеттер арасында үш жақты әріптестік моделін құрастыру керек. Ол тұрақты дамуға аса қажет мемлекеттік-жекеменшік диалогын нығайтуға тиімді алаңқай ұсынады».

Халықаралық қатынастар факультетінің деканы Кәрімжан Шәкіров ҚазҰУ-да 2015 жылдың 22 қазанында БҰҰ өкілдерінің қатысуымен ұйымның 70 жылдық мерейтойына орай «БҰҰ қазіргі таңда әлемде алатын орны мен тұрақты даму мәселелері» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияның өткенін атап өтті. Бұл шара UNAI хабы болып есептелетін университет ұйымдастырған іс-шараларды қорытындылайтын конференция болды.

Норимас Шимомура университет басшылығы мен оқытушы-профессорлық құрамның жасаған жұмыстары мен жеткен жетістіктерін атап өтіп, 2016 жылдың мамыр айында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттерімен кездесуді жоспарлағанын айтты.