qamshy.kz

27.01.2016

Көрулер: 1614

Университет қызметі жоғары бағаланды

Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы QS-тың (Ұлыбритания) аймақтық директоры Зоя Зайцева әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті басшылығымен кездесті, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы оқу орнының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесуде жоғары оқу орнының рейтинг көрсеткіштерін жақсарту үшін университет қызметінің негізгі мәселелері талқыланды. Зоя Зайцева ҚазҰУ-дың соңғы 3 жылдағы қызметін жоғары бағалады. QS өткізген көптеген халықаралық семинарларда ҚазҰУ-дың әлемдік рейтингте жоғары көрсеткішке қол жеткізуге жасаған қадамдары жақсы үлгі ретінде аталуда. Соның ішінде университеттің нәтижеге бағытталған басқару үлгісі, интернационалдандыру стратегиясы мен ғалымдардың мақала жариялау қызметін белсенді қолдау тәжірибесі үлкен қызығушылық тудырады. ҚазҰУ тәжірибесін ТМД және Орталық Азия елдерінің ЖОО-да зерттеліп, қолданылып келеді.

Зоя Зайцева ҚазҰУ-дың инфрақұрылымдық нысандарымен танысып болғаннан кейін, ҚазҰУ-дың әлемнің ең үздік 200 университеттер қатарына қосылу ұмтылысы ауқымды ғылыми жобаларды жүзеге асыру мен өзекті мәселелерге байланысты халықаралық ұйымдармен байланыс орнату арқылы жүзеге асып жатқандығына көз жеткізді. Оның пікірінше, ҚазҰУ Кореяның жетекші университеттерімен бірлесіп ашқан медициналық орталық пен қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебінің (ҚДСМ) ашылуы зерттеу жұмыстарын атқарып отырған университет үшін үлкен жетістік. ҚазҰУ-дың БҰҰ академиялық ықпалдылық бойынша жаһандақ хабы болуы, Германия, Жапония мен Пәкістанның академиялық институттарында ҚазҰУ орталығының ашылуы, университет аумағында Sumsung, HP, Microsoft сияқты әлемдік компаниялармен бірлесіп ғылыми-зерттеу лабораториялардың жұмыс жасауы университеттің күн сайын артып келе жатқан академиялық ықпалдылығы мен жұмыс берушілердің арасындағы беделінің, жоғары ғылыми әлеуетінің дәлелі.

ACCELS, Erasmus Mundus-пен әріптестік пен білім беру бағдарламаларын Еуропалық агенттіктермен бірлесіп толық халықаралық аккредитациялау шетелдік студенттердің қызығушылығын арттыруда. Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы аймақтық директоры Зоя Зайцева: «Қазақстандағы жоғары білімнің study-destination елі болуға (білім алу орнына) немесе шетелдік студенттерді «тарту орталығына» айналуға мүмкіндігі бар. Үлкен кадрлық әлеуеті мен мүмкіндіктері бар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ көлемді қабылдауды жүзеге асыратын бірінші ЖОО болады. Университеттің осы қызмет әлеуеті ауқымды болғандықтан, ол жалпы университет рейтингін бағалау кезінде сапалық және сандық көрсеткіштерге оң әсерін тигізеді», - деп атап өтті.