Тағылымы мол кездесу

22.01.2016

Көрулер: 2332

Жуырда философия және саясаттану факультеті, саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының студенттік дискуссиялық «Политолог» клубында еліміздегі белгілі саясаттанушы, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеу институтының директоры, саяси ғыл. кандидаты Ерлан Каринмен кездесу өтті. Кездесу аясында сарапшы «Орталық Азия: трендтері мен балама жолдары» тақырыбында лидерлік дәріс оқыды.

Е. Карин студенттерге өзі басқарып отырған институттың қызметі, зерттеу жұмыстарының басым бағыттары мен мақсаттарын баяндап, сараптамалық қауымдастықта кең таралған дәстүрге сүйене отырып, ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты әзірлеген 2016 жылы Орталық Азия елдерінің саяси және экономикалық дамуы, тұрақтылығы мен қауіпсіздігі үшін мән-маңызы жоғары 10 негізгі оқиғаға шолуын ұсынды. Саясаттанушының пікірінше, әлемдік нарықтар конъюнктурасының нашарлауы және Орталық Азия елдеріндегі экономикалық өсім қарқынының төмендеуі; еуразиялық кеңістіктегі экономикалық өзара іс-қимылдардың жаңа жолдарын іздеу; Орталық Азияда Қытайдың инвестициялық қатысу үрдісінің кеңеюі; ауғандық фактордың аймақтық қауіпсіздік мәселесінде өзекті болуы; сириялық шиеленістегі террористік қауіп-қатерлердің ұлғаюы; аймақтық қауіпсіздік саласындағы Орталық Азия елдерінің күш-жігері белсенділігінің артуы; Орталық Азия елдерінің кезекті электоралды жүйеге енуі; аймақтық көлік және энергетикалық жобалардың дамуының жаңа кезеңі; Иранның аймақтық үдерістерге қайта оралуы; 2017-2018 жылдары БҰҰ қауіпсіздік кеңесіне Қазақстанның тұрақты емес мүшелікке сайлануы секілді 2016 жылы күтілетін оқиғалар «саяси аренадағы» басты елеулі жаңалықтар мен өзгерістер әкеледі.

Дәрістің екінші бөлімінде Е. Карин институттың сарапшылар тобы әзірлеген «Орталық Азия – 2020: төрт стратегиялық тұжырым» атты аналитикалық баяндамамен таныстырды. Еңбекте Батыс, Ресей және Қытайдың ықпалынан қалыптасқан Орталық Азияның қазіргі геосаяси жағдайы, сондай-ақ осы геосаяси құрылымның даму болашағы қарастырылған. Орталық Азия аймағына төнетін қауіптер, мүмкіндіктер мен саяси және экономикалық үрдістер, сонымен қатар күн тәртібіндегі терроризм мен экстремизм мәселелері, «саяси ойыншылар» арасындағы қарым-қатынас, Орталық Азия мемлекеттеріндегі келер жылы күтілетін басты оқиғалар талқыланды. Е. Карин өз сөзінде 2016 жылы бұл аймақта Қытай басты сауда серіктесі болып қана қоймай, инвестициялық қатысуын кеңейту үдерісін жалғастыруда көштің басында болатынын баса айтты. Орталық Азияға қатысты АҚШ, Ресей және Қытай сияқты мемлекеттердің саясаты мен мүдделерін талдап, Орталық Азия елдері күн тәртібіне жаңа стратегиялық жоспарларды қою қажеттігін және бұл арада саяси менталитеттің де рөлінің басым екенін жеткізді. Сондай-ақ клуб қонағы Орталық Азия аймағындағы қауіпсіздік, терроризм мәселелері бойынша болжамдарымен, өзінің әртүрлі мемлекеттерде зерттеу жүргізу барысындағы басынан өткен қызықты мәліметтерімен бөлісті. Болашақ саясаттанушыларды ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеу институтында тәжірибеден өтуге шақырып, оқуларына табыс тіледі.

Кездесу соңында Е. Карин мырза Т.Т. Мұстафин, Н. Масанов, С. Жүсіпов, М. Машан секілді атақты саясаттанушы ғалымдар атындағы дәстүрге айналған жыл сайынғы шәкіртақыларға байқау ережелерін жариялады. Байқау талаптары бойынша оған ҚазҰУ-дың студенттері мен магистранттары қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде шәкіртақы тағайындалатын ғалымдардың ғылыми еңбек жолындағы зерттеген салалары, яғни Қазақстандағы саяси модернизация, Қазіргі таңда Қазақстандағы саяси ғылымның қалыптасуы, Қазақстанның саяси жүйесінің трансформациясы және Орталық Азиядағы қауіпсіздік: қатерлері мен даму жолдары тақырыптарында жазылған ғылыми жұмыстарын ұсына алады.

Тағылымды да танымды дәріс, мазмұнды да мағыналы пікірлер, ұтқыр ойлы сұрақтар мен тұщымды жауаптар көпке дейін жас саясаттанушылар мен клуб қонақтарының есінде қалары анық.

М.Б. ШӘБДЕН,

саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының оқытушысы