Жас қазақ

22.01.2016

Көрулер: 1782

Білік пен білім талқыланды

ҚР премьер-министрінің орынбасары Д.Н.Назарбаева әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне арнайы сапармен келіп, оның инфрақұрылымымен танысып, жоғары оқу орнының белсенді студенттерімен кездесті. Сапар барысында Қазақстан Республикасындағы ғылым мен білім саласының дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері талқыланды.

Вице-премьер әл-Фараби мұражайын, университеттің ғылыми кітапханасын және өндіріске енгізуге дайын ғылыми жобалар қамтылған ҚазҰУ-дың жетістіктер көрмесін аралады.

Дариға Назарбаева инновациялық нысандармен танысып болғаннан кейін: «әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – бұл Қазақстандағы нөмір бірінші университет және біздің ұлттық мақтанышымыз», – деп атап өтті. «Бүгін біз үкіметте 2016-2019 жылдарға арналған білім мен ғылым дамуының мемлекеттік бағдарламасын талқылаудамыз. Осы орайда сіздер қандай негізгі мәселелерді атап айтар едіңіздер және мемлекеттік бағдарлама дайындауда неге басымдылық беру керек?» – деді вице-премьер.

Әңгіме барысында білім беру бағдарламаларын тәуелсіз халықаралық аккредитациялау мен мамандарды сертификаттау, сонымен қатар ЖОО қауымдастығының кәсіби стандарттар мен мектеп оқулықтарын дайындауға қатысу мәселелері сөз болды. ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов өз сөзінде Қазақстандағы жоғары білімнің экспорттық әлеуеті мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру, университеттерді нарықтық экономиканың нақты субъектісіне айналдыру мен ғылым-білім-өндіріс моделінің бірігу мәселелерін көтерді. Сондықтан, Назарбаев Университеті тәжірибесі негізінде елдегі жетекші университеттерді халықаралық деңгейдегі зерттеу университетіне айналдыру үшін арнайы бағдарлама әзірлеп, оны жүзеге асыру керек, – деді ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтанов.DSC_2698

Қазақстан премьер-министрінің орынбасары «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс жасайтын «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығының қызметімен танысты. ҚазҰУ-ға енгізіліп жатқан бұл модель студенттердің жайлы тұрмыс жағдайын қамтамасыз етуді мақсат еткен қазақстандық жоғары оқу орындарына үлгі.

Оңтүстік Кореядағы үздік университеттердің үштігіне кіретін, Азия мен әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының бірі Сеул ұлттық университетімен және Ёнсе университетімен жасалған жемісті әріптестік негізінде ашылған диагностикалық орталыққа қонақтар ерекше қызығушылық танытты. Диагностикалық орталық алдыңғы қатарлы өндірушілердің соңғы медициналық жабдықтарымен жабдықталған. Мұнда «Кангнам Северанс» клиникасы диагноз анықтау мен жетекші мамандарының қатысуымен телемедицина технологиясын пайдалану арқылы науқастарға қашықтықтан кеңес беру жүйелері енгізілген. Диагностикалық орталықпен қатар ашылған Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебі – әлемдік тәжірибеге сүйене отырып құрылған ҚазҰУмедико-биологиялық кластерінің негізгі құрамдас бөлігі.

Кездесу соңында премьер-министрдің орынбасары білім беру және ғылыми бағдарламаларды ары қарай дамыту үшін бірқатар тапсырмалар беріп, отандық жоғары оқу орындарын жоғары және ЖОО-дан кейінгі білім беру саласына бизнесті белсенді тартуға шақырды.