Айқын

14.01.2016

Көрулер: 1683

Білім беру бағдарламаларын жаңғырту мәселелері талқыланды

Бүгін Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Білім беру бағдарламаларын жаңғырту: аккредитация және кадрлар дайындау сапасының кепілі» атты 46-шы республикалық ғылыми-әдістемелік конференция басталды.

Оған 700-ден астам адам қатысуда. Олардың ішінде ҚР Білім және ғылым министрлігі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және еліміздегі басқа да алдыңғы қатарлы университеттердің оқытушы профессорлары мен доценттері бар.

«Бүгінгі конференцияны ұйымдастырудағы мақсат - еліміздің жоғары оқу орындарындағы білім беру бағдарламаларын жаңғырту, жаңарту, осы саладағы өзекті мәселелерді талқылау және өзара тәжірибе алмасу. Ал бұл салада мәселелер жетерлік. Әрине, бізде 2001 жылдан бастап, кредиттік жүйеге өткеннен бері бакалавриат, магистратура, доктарантура бағдарламалары жыл сайын жаңартылып отырады. Дегенмен, студенттердің кәсіби даярлығы әлі де өз деңгейінде деп айту қиын. Бұрынғы кеңестік жүйеде студенттер кәсіби пәндерді бесінші жылы өтетін. Ал кейін, сол бес жылдық оқу үдерісінен төрт жылдық оқу үдерісіне көшкен кезде Қазақстан тарихы, қазақ тілі, орыс тілі, әлеуметтану, психология секілді жалпы білім беретін пәндер қалып қойды да, кәсіби пәндер қысқартылып қалды. Сондықтан, мектеп және колледждерде оқытылған сабақтарды жоғары оқу орындарында қайта оқытпай, кәсіби пәндерді көбірек оқытуымыз қажет. Бұл үшін біздің университет тәжірибе ретінде мектеп-колледж-университет тұжырымдамасы шеңберінде біріктірілген білім бағдарламаларын ұсынып отыр. Осы тақырыпта да бүгін талқылаулар болады», - деді өз сөзінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Академиялық мәселелер жөніндегі департаментінің әдістемелік бөлімінің бастығы Салтанат Құмарғалиева.

Айта кетелік, екі күнге созылатын конференция барысында «Мамандар даярлау және білім сапасын мойындаудың нәтижесі ретінде білім беру бағдарламаларын аккредиттеу» және «Мектеп-колледж-университет тұжырымдамасы шеңберіндегі біріктірілген білім беру бағдарламалары» тақырыптарында Дөңгелек үстелдер және «Кадрлар даярлау сапасының кепілі үшін білім беру бағдарламалврын жаңғырту» және «Инновациялық оқыту: технологиялары мен әдістері» тақырыптары бойынша екі секциялық талқылаулар жүреді.