qamshy.kz

14.01.2016

Көрулер: 1779

ҚазҰУ ұжымы Елбасы мақаласын талқылады

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымы ҚР Президенті – Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» бағдарламалық мақаласының негізгі бағыттарын талқылады, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.

Елбасы алға қойған тапсырмаларды жүзеге асыру жолындағы университет міндеттері туралы жиында ҚазҰУ-дың әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Шолпан Ерболқызы Жаманбалаева баяндама жасады.

Елбасы мақаласында айтылған Қазақстанды тереңдете жаңғырту мақсатында атқарылған ауқымды істерге шолу жасай отырып, Шолпан Ерболқызы бес институттық реформаның қазіргі жаһандық дағдарыс кезеңіндегі көкейтестілігін атап өтті. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап осы бес бағыттағы Ұлт жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталды. Мемлекетті, экономика мен қоғамды дамыту үшін қағидатты жаңа құқықтық орта қалыптастыратын 59 заң күшіне енді. «Ұлт жоспары – елімізді дағдарыстан алып шығатын дара жол. Ол Қазақстан халқын қиындықтан құтқарып қана қоймай, әлемдік бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылуға мүмкіндік береді. Сондықтан бұл бағдарламаны жете түсіну аздық етеді, әрқайсымыз оның жүзеге асырылуына белсенді қатысуымыз керек», – деді проректор.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бүгінгі таңда бес реформа аясында өзіндік жол картасын жасады және оқытушы-профессорлардан құралған ғылыми орта оларды жүзеге асырудың өзектілігін терең ұғынады.

Елбасының алғашқы реформасы «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заң негізінде мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталып отыр. Елбасы мақаласында Қазақстан барлық посткеңестік елдердің ішінде алғаш болып мемлекеттік қызметшілердің жаңа кадрлық корпусын байқау және меритократия қағидаттары арқылы қалыптастыруға кіріскені туралы айтылды. «Қазіргі таңда мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа кезеңіне қарай отырып, біз әкімшілік мемлекеттік қызметшінің мансабы оның біліктілігі және жинақтаған тәжірибесіне, оған еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі оның біліктілігі мен атқаратын жұмысының сипатына, көлемі мен нәтижесіне байланысты екенін көреміз. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің жұмыс пен тұрмыстағы жүріс-тұрысының қалыптары регламенттелген Мемлекеттік қызметшілердің жаңа этикалық кодексі жасалды. Жаңа институт – этика бойынша елімізде өкілетті өкілдер институтын құру көзделіп отыр», – дей келе Шолпан Ерболқызы аталған механизмдердің университеттегі көріністеріне тоқталды. «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бүгінде нәтижеге бағытталған басқаруға көшкен. Университетте әрбір оқытушының, нәтижесінде ЖОО-ның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретін рейтингтік жүйе енгізілген. ҚазҰУ-дың соңғы жылдары білім кеңістігінде үлкен серпіліс жасап, биыл әлемнің үздік 800 университеті арасында 275-орынға көтерілуі – соның айқын дәлелі. Университетке оқытушыларды қабылдау байқау негізінде жүзеге асады және олар еңбектік қатысу үлесіне қарай үстемеақы алады. Университетте 2011 жылы этикалық талаптарға негізделген Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметкерлері мен оқытушыларының ұжымдық мәдениет кодексі және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студентінің ар-намыс кодексі қабылданды. Сондай-ақ біз әр факультетте этика бойынша комиссия құрдық, олар бүгінгі таңда толыққанды жұмыс атқаруда. Біз «Университет жемқорлықтан таза» жобасын жүзеге асыруға кірісіп кеттік. Елін, жерін шын сүйетін, білімді де білікті маман даярлау мақсатында көптеген әлеуметтік жобалар жұмыс істеуде. Ендігі біздің мақсатымыз – осы механизмдерді жетілдіру, жүзеге асыра беру, олардың біздің өмірімізге етене енуін қамтамасыз ету», – деді проректор.

Талқылау барысында ұжым мүшелері ел мен қоғамды дамытудағы нақты міндеттерді күнделікті өмірде, экономикалық қызметте немесе қоғамдық қатынастарда қолданудың маңыздылығын ерекше сезінетіндіктерін жеткізді. Барша ҚазҰУ ұжымы бас бағдарламаны бірауыздан қолдайды және оны жүзеге асыруды парыз санайды.