Түркістан

14.01.2016

Көрулер: 2041

Ақсақалдар кеңесінің алқалы жиыны

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде жыл соңында әдеттегідей ақсақалдар кеңесінің қорытынды отырысы өтіп, онда университеттің ғылыми, оқу, қоғамдық жұмыстары мен аса өзекті мәселелер талқыланды.

Алғы сөзді алған ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, қоғамдық ақсақалдар кеңесінің жаңа мүшелерін ұсынды. Филология ғылымдарының докторы Берікбай Сағындықұлы мен физика-математика ғылымдарының докторы Зейнолла Жаңабаев бір ауыздан мақұлданды. ҚазҰУ Ақсақалдар кеңесі ғылым мен білім саласына үлкен үлес қосқан университеттің аса беделді, тәжірибелі 15 ғалымнан тұрады.

ҚазҰУ бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев өтіп бара жатқан 2015 жылда атқарылған жұмыстар туралы баяндамасын баяндады. Онда көрсетілгеніндей, ҚазҰУ негізгі жетістіктерінің бірі - әлемдік үздік 800 университеттердің арасындағы QS рейтингісінде соңғы жылда 30 сатыдан аттап, 275 орынға көтерілуі. ҚазҰУ тұңғыш рет Қазақстан және Орталық Азия университеттері арасында осындай айтулы жетістікке жетті. Шетелдік сарапшылардың пікірінше, қысқа мерзім ішінде әлемнің ең үздік 300 университеті қатарынан көріну – нағыз әлемдік феномен. Бүгінде ҚазҰУ кадр ұстаханасына айналған іргелі оқу орны классикалық үлгіден зерттеу университетіне айналуды көздеп отырғандығын айта кету керек.

Соңғы жылдары университет қабырғасында «идея тудыруынан оны коммерциялауға дейін» атты технологиялық дәліз құрылып, тиімді жұмыс жасалуда. 2015 жылы ҚазҰУ ғалымдары мен қызметкелері 21 оң шешім алып, 90 патентке ие болды. Оның 3-еуі АҚШ мемлекеті тарапынан берілді. Университет ғалымдары мен қызметкерлері 600 жобаны жүзеге асырып, 172 халықаралық қорлар мен ұйымдардың гранттарына ие болды. Сонымен қатар Thomson Reutersи Scopus мәліметтер базасына кіретін ғылыми басылымдарында шыққан әрбір 5-ші мақала ҚазҰУ ғалымдарына тиесілі, әрі Хирша индексінің 2015 жылы жалпы саны 661 құрады. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде осы өткен кезеңде кешенді құрылымдық жаңғырту жүргізіліп, нәтижеге бағытталған менеджмент процесін басқару және жетістікті рейтингтік бағалау жүйелері енгізілді.

Әлемнің жетекші университеттері үлгісімен ҚазҰУ-да халықаралық жоғары стандартқа сай және халықаралық тіркеуден өткен тәжірибелік білім бағдарламалары оқу процесіне енгізілді. Университеттің жемісті жұмыс қорытындыларының бірі - әлемдік жетекші жоғары оқу орындарының (EО, АҚШ, MDP/Global Classroom, Жапония, ТМД және тб.) екі дипломдық бағдарламаларын жүзеге асыру болды. ҚазҰУ зертханалары Росток университетінде (Алмания), Карачи қ. институтында (Пәкістан), Иорданияда әл-Фараби орталығы ашылып, Цукуба университетімен «Кампустағы кампус» атты жоба іске асырылуда (Жапония).

Қазақстанда алғаш рет университет базасы негізінде халықаралық UNIFORM студенттік жобасын жүзеге асыру аясында Токио университетімен бірге «Әл-Фараби-1» және «Әл-Фараби-2» ғылыми - технологиялық наноспутниктер жасалды. Сондай-ақ, «Индустриалды-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы–2» (ИИДМБ-2) бойынша кадрлар даярлануда.

Университетте «Hewlett-Packard», «Samsung», «Cisco», «Konikca minolta», «Microsoft», «Alcatel» компаниялардың оқу және ғылыми-зерттеу орталықтары құрылып жұмыс істеуде. Студенттік бизнес-инкубатор құрылып, Start-up и Spin-off компаниялар жолға қойылған. Халықаралық ынтымақтастық, академиялық мобильділік, әлеуметтік серіктестік саласында да университеттің даму қарқыны жоғары. Жұмыс берушілер арасында ҚазҰУ түлектеріне сұраныс көп.

Тағыда бір айтулы жетістіктердің бірі - Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі Жарлығымен ҚазҰУ-дың эксперименттік және теориялық физика ғылыми-зерттеу институтының бір топ ғалымдары Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары атанды.

Ақсақалдар алқасы ҚазҰУ-да жаңадан 15-ші медициналық факультет – Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің ашылуын жоғары бағалады. Мұнда бакалавриат, магистратура, резидентура, докторантура - білім берудің барлық деңгейіндегі медициналық кадрларды дайындау бағдарламалары халықаралық стандарттарға сай және соңғы ғылыми жетістіктерге негізделіп жүзеге асады.

Баяндаманы тыңдаған ғалым ақсақалдар университет жұмысына оң баға бере отырып, гуманитарлық ғылым өкілдерін ірі жобаларға тартып, ғылымға қажетті сүбелі ғылыми еңбектің дүниеге келуіне жағдай жасаудың қажеттігін және археология мен этнография саласына арналған оқулықтарды шығару туралы мәселе көтерді. Ақсақалдар кеңесінің төрағасы ҚР ғылымына еңбегі сіңген қайраткері, ҚР ҰҒА академигі, ҚР Жоғарғы мектеп академиясының академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор Сұлтан Сартаев жиын соңында университеттің барлық профессорлары мен ұстаздарын жаңа 2016 жылмен құттықтап, шығармашылық табыс пен денсаулық тілеп, ТМД елдері арасындағы үздік университеттің одан ары қарай өрлеп, жоғары рейтингтерге жете беруіне бағытталған ауқымды жұмыстарды атқару қажеттігіне жіті назар аудартты.

Гүл Баяндина

ҚазҰУ баспасөз қызметі