ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанұлы Гейдар Алиев атындағы алтын медальмен марапатталды

30.12.2015

Көрулер: 3326

Жуырда ҚазҰУ ректоры, академик Ғ. Мұтанов бастаған делегация Қазақстан Республикасының Әзірбайжандағы елшілігінің шақыруымен, Қазақ хандығының 550 жылдығы және қазақтың кеменген ақыны Абай Құнанбаевтың туғанына 170 жыл толу мерейтойына орай Бакуге іссапармен барып қайтты.

Қазақ хандығының 550 жылдық тарихына арналған халықаралық конференция Баку мемлекеттік университетінің қабырғасында өтті. Салтанатты шараға қатысқан спикерлер мен қонақтарының арасында ҚР-ның Әзірбайжандағы төтенше және өкілетті елшісі Бейбіт Исабаев, Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, халық ақыны, жазушы Олжас Сүлейменов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов, Баку мемлекеттік университетінің ректоры Абель Магеррамов, Түркі кеңесінің бас хатшысы Рәміл Ғасанов, ТүркПА бас хатшысы Жандос Асанов, Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Гюнай Эфендиева, ӘР Парламентінің депутаттары, ӘР-да аккредиттелген түркітілдес және еуропалық елдердің дипломатиялық миссияларының басшылары мен өкілдері, сондай-ақ Қырғызстан, Өзбекстан және басқа да елдерден келген ғалымдар болды. Әзірбайжандық жұртшылықтың, сондай-ақ шетелдік қонақтардың назарына Қазақ хандығы және қазақ мемлекеттілігінің құрылуы мен қалыптасуының тарихы, Абай Құнанбаевтың шығармашылық бай мұрасы ұсынылды.

Оның аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Баку мемлекеттік университеті арасындағы өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. Кездесуде Баку мемлекеттік университетінің ректоры Абель Магеррамов ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанұлын Гейдар Алиев атындағы алтын медальмен марапаттады. Әзірбайжан халқының ұлы тұлғасы Гейдар Алиев атындағы медаль түркітілдес елдер арасындағы қарым-қатынасты дамытуға қосқан үлесі үшін берілетін аса жоғары марапат болып табылады.

Сондай-ақ Баку мемлекеттік университетінде белгілі Қазақстан ғалымдарының дәрісі тыңдалды. Олардың ішінде ҚазҰУ профессоры Б. Кәрібаев болып, Қазақ хандығы туралы баяндама оқыды. ҚазҰУ делегациясы университеттегі Абай атындағы қазақ тілі, мәдениеті және тарихы орталығын аралап, А. Құнанбаевтың 170 жылдығына арналған дөңгелек үстел жұмысына атсалысты.

Сапар барысында делегация Әзірбайжанның алдыңғы қатарлы жоғары оқу орны – Qafqaz университетінде болып, өзара әріптестік қарым-қатынасты дамыту мәселелері талқыланды. Нәтижесінде, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Qafqaz университеті арасында ынтымақтастық туралы келісім қабылданды. Атап өтерлігі, ҚазҰУ-дың өнерпаз студенттері Әзірбайжан университеттерінде мерекелік концерт қойып, қазақтың төл өнерін паш етті.