Иран дипломы коммерцияландыруға бағытталған

30.12.2015

Көрулер: 2943

Жаңа жыл қарсаңында ҚазҰУ ғалымдары Иранның Шахес Пажу Ғылыми зерттеу Институтының өкілдерімен кездесті. Ғылыми зерттеу институты ҚазҰУ-мен инновацилық жобалар дайындауда тығыз жұмыс жасауға ниетті, сонымен қатар жобаны жүзеге асыруға, өндіріске енгізуге көмектесуге дайын екендерін айтты.

«Сіздермен білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларды бірлесіп дайындауға толықтай дайынбыз. Біз сіздердің ғалымдарыңыздың атом энергетикасы мен ғарыш саласындағы жетістіктерінен хабардармыз. Бүгінгі таңда біз өзіміздің технологияларымызды коммерциаландыруға бағытталдық және осы жобалар аясында сіздермен жұмыс жасауға дайынбыз», - деді ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев.

Өз кезегінде Шахес Пажу Ғылыми зерттеу Институтының ректоры Әмір Махмудзаде ҚазҰУ брэнді Иранда үлкен танымалдылыққа ие екенін атап өтті. «Біз де сіздердің ғылым саласындағы жетістіктеріңізден хабардармыз және ғылымның көптеген саласында, соның ішінде бизнес пен экономикалық білім беруде сіздермен бірлесіп жұмыс жасауға ниеттіміз. Біз өзіміз әзірлеген экономикалық білім берудің жаңа моделін көрсетуге дайынбыз. Біріншіден, біз сіздерге жаңа инновациялық жобалар дайындауға көмектескіміз келеді, екіншіден стартап жобаларды жүзеге асыруға өз үлесімізді қосамыз», - деді қонақ.

Кездесу барысында ҒЗИ ректоры Иранда ҚазҰУ өкілдігін ашуға деген қызығушылығы мен оны ашу үшін көмектесуге дайын екенін, соның ішінде ғалымдар бюджетке тәуелді болмас үшін олардың ғылыми жұмыстары мен жобаларын коммерцияландыруға, сол арқылы ғылыми жұмыстарды автордың интеллектуалдық жекеменшігіне айналдыруға көмектесетіндерін айтты. Иранның ғылыми зерттеу институтының әрбір дипломдық жұмысы табыс табу мақсатында коммерцияландыруға бағытталған. «Бүгінгі таңда мұнай бағасының айтарлықтай төмен әрі тұрақсыз екенін ескерсек, әрбір ел инновациялық жобаларды барынша тиімді пайдалануы керек», - деді Иран институтының ректоры. Оның айтуынша ол ҚазҰУ-ға келесі келгенінде университет оқытушылары мен студенттеріне инновациялық жобаларды коммерцияландыру туралы егжей-тегжейлі дәріс оқитынын айтты.

Кездесу соңында тараптар өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат бірлесіп ғылыми зерттеу жобаларын дайындауға, білім беру бағдарламаларын, материалдар мен ресурстарды әзірлеуге және алмасуға мүмкіндік береді.

ҚазҰУ мен Иран Ислам Республикасы көптеген бағыттарда бірлесіп жұмыс жасайтынын, соның ішінде технологиялық ғылым саласында тәжірибемен алмасып отыратындығын атап өту керек. Ағымдағы жылдың шілде айында құрамында министрліктер мен мемлекеттік ұйым бөлімдерінің өкілдері, 35-тен аса компания басшылары бар делегация ҚазҰУ-ға келген болатын. Сонымен қатар, ҚазҰУ-дың Шығыстану факультетінде Ирантану бөлімі жұмыс жасайды. Мұнда Парсы тілі мен Иран мәдениеті зерттеледі.