ҚазҰУ ғалымдары ҚР Тәуелсіздік күніне орай салтанатты жиын өткізді

15.12.2015

Көрулер: 2918

ҚазҰУ Ғылыми кеңесінің отырысында үздік қызметкерлер мен студенттерге дипломдар мен алғыс хаттар табысталды.

Мерекелік іс-шараның шымылдығын түре отырып, ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев жиылған қауымды мерекемен құттықтады: «1991 жылдың 16 желтоқсанында Отанымыздың тарихында жаңа кезең басталды. Біз, Тәуелсіздігіне енді 24 жыл толып отырған жас Республикамыз. ҚазҰУ ұжымы жаңа ғылыми жұмыстарды өндіріске енгізу арқылы еліміздің тұрақты дамуына бар күш жігерін салады деп сенемін. Жастарды жігерлендіру үшін бүгін біз оқуда жақсы көрсеткіштерге ие болған университеттің ең үздік студенттерін мерейтойлық төсбелгілермен марапаттап отырмыз», - деп атап өтті.

Бірінші проректор жоғары оқу орнының ғалымдарына мемлекеттік ғылыми стипендиялар және ҰБТ мен КТА-ны ұйымдастыруға, өткізуге белсенді атсалысқан университет қызметкерлеріне ұлттық тестілеу орталығының алғыс хаттарын табыстады. Сонымен қатар университеттің ең үздік студенттері «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға 80 жыл» мерейтойлық төсбелгілерімен марапатталды.

Тәуелсіздік күнінің қарсаңында университеттің «Парасат» кәсіподағының бастамасымен оқу-қосымша қызметкерлері арасында ұйымдастырылған «Мамандығында үздік» байқауының қорытындысы жарияланды. Байқауға факультеттер мен департаменттерден 102 қызметкер қатысты, жеңімпаз атанған 15 қызметкерге дипломдар табысталды.