Тәіуелсіз Қазақстанның Карл Марксі

27.11.2015

Көрулер: 3026

ҚазҰУ-да көрнекті экономист, ҚР ҰҒА академигі Я.А.Әубәкіровтің 90 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шарада университеттің қолдауымен «Қазақ университеті» баспасында атақты ғалым, қоғам қайраткері, педагог Я.А. Әубәкіровтің өмір жолын сипаттайтын "Өнегелі өмір" сериясымен жарыққа шыққан кітаптің тұсауы кесілді.

Кітапқа Я.А.Әубәкіровтың биографиясы, суреттері және ғылыми мақалалары мен түрлі жылдары баспасөз беттерінде жарық көрген жариялымдары енген. Сонымен қатар профессордың замандастары мен шәкірттерінің жылы лебіздері кітаптың бір тарауына арқау болған. Кітап барша оқырмандарға арналған, соның ішінде білім беру саласында істейтін қызметкерлер мен студенттерге өте пайдалы.

Іс-шараның шымылдығын түре отырып, ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев Я.Әубәкіровтың өмір және еңбек жолы студенттерге үлкен үлгі екенін атап өтті. «Яхия Әубәкірұлы елдегі экономика ғылымының дамуына сүбелі үлес қосқан ғалым. Оның экономика саласында қызмет ететін мамандарға қалдырған мол ғылыми мұрасы баға жетпес көмекші құрал деп айтуға болады», - деді жоғары оқу орнының бірінші проректоры.

Кездесуге білікті экономистер мен ҚР ҰҒА академиктері қатысты. Олар Я.Әубәкіровтың өмірінен қызықты оқиғалар мен ғалыммен бірлесіп жасаған жұмыстары туралы баяндады.

Аманжол Қошанов Я.Әубәкіровтың экономика ғылымына қосқан үлесін атап, оның тәуелсіз Қазақстанның өзіндік Карл Макрксі деді.

«Қазақ университеті» баспасынан «Өнегелі өмір» сериясымен жарыққа шығатын кітаптар ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтановтың бастамасымен жүзеге асуда. Бұған дейін кітаптың Ө.Жолдасбековке, О.Сүлейменовке, З.Қабдолловқа, Т.Кәкішевке, С.Зимановке, Т.Амандосовқа, К.Смайыловқа, Ә.Нұршайықовқа, А.Идрисовқа, С.Байжановқа және басқа да танымал тұлғаларға арналған сериялары жарық көрген болатын.