«The First President» атты мерекелік іс-шара өтті

27.11.2015

Көрулер: 1996

Филология және әлем тілдері факультетінің шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының оқытушылары Ә. Әріпов пен М. Жаңабековалар 1 желтоқсан Қазақстанның тұңғыш Президенті күні қарсаңында ағылшын тілінде «The First President» тақырыбында «Шетел филологиясы және Аударма ісі» мамандығы бойынша білім алып жатқан 3-курс студенттерінің қатысуымен мерекелік шара өткізді.

Мереке құрметіне орай студенттер ағылшын тілінде жақсы көрініс қойды. Шара бағдарламасын ағылшын тілін өте жақсы меңгерген Тоғжан Лянова жүргізді. Президенттіміздің дүниеге келу тарихын паш ететін көрініс мазмұнына «Менің балалық шағымның аспаны» фильмінен алынған үзінді арқау болып, көрермендер көңілінен шықты. Анасы Әлжанның ролін сомдаған Салтанат Мырзабек теңіз түбінен мылтық тауып алған түсін әжесі ролін ойнаған Оңал Қажетоваға ағылшын тілінде мүдірмей жеткізіп, батасын алып, нәрестелі болған кезін керемет бейнеледі. Ал әкесі Әбіш болып ойнаған Нұрсұлтан Қызылбек нәрестеге азан шақырып ат қою рәсімін сәтті орындап шықты. Ағылшын тілінде айтылған «Сенің атың Нұрсұлтан, Нұрсұлтан, Нұрсұлтан!!! /Your name is Nursultan, Nursultan, Nursultan!!!» деп нәрестені аспанға көтеріп, ұзағынан күткен баланың ата-ана үшін қаншалықты ыстық екенін танытты. Студенттер дайындаған викториналық сұрақтар (a quizzing game) мен слайд арқылы көрсетілген ақпараттық мәліметтер Елбасының жеке өмірбаяны мен кәсіби баспалдақтарда жеткен жетістіктерін қамтыды. Викториналық сұрақтарды шешуге көрермендер тарапынан ағылшын тілін мамандық ретінде меңгеріп жүрген «Шетел филологиясы» және «Аударма ісі» мамандығының студенттері мен магистранттары белсене қатысып, сый-сияпаттарға ие болды. Әсіресе, Елбасының туылған жеріне арналған «Үш қоңыр» әнінің шырқалуы кеш ажарын аша түсті.

Кеш соңында кафедра меңгерушісі Д.А. Қарағойшиева, топ эдвайзері А. Алимбаева мен «Аударма ісі» мамандығының 1-курс магистранты Бибіназ Алманова студенттерді дәстүрлі ұлттық мереке – Тұңғыш Президент күнімен құттықтап, оларға мықты денсаулық, бақыт және ел аманатын орындауда тамаша жетістіктерімен әлемді мойындатып келе жатқан Елбасымызға арналған кешке ризашылықтарын білдіріп, алдағы уақытқа сәттілік тіледі.

Біздің Елбасы әлемдегі ең сыйлы саясаткер және біздің тарихымызда өз кезеңінің тамаша тұлғасы болып қала берері сөзсіз. Осындай ұлттық мерекелердің мән-мағынасы мен ел ағаларының жетістіктерін әлемге танытатын, оларды ағылшын тілінде жеткізе алатын төл жастарымыз көп болғай.

Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының оқытушысы Магүлсім Жаңабекова