«Жасөспірімдік шақтағы девиация» бағдарламасы бойынша семинар өтті

20.11.2015

Көрулер: 2673

Біліктілікті арттыру институтының ұйымдастыруымен Қызылорда қаласында 4-5 қараша күндері Қызылорда қаласының Білім департаментінің, мектеп директорлары мен директорлардыңтәрбие ісі жөніндегіорынбасарларының, психолог мамандар мен мұғалімдердің қатысуымен «ЖАСӨСПІРІМДІК ШАҚТАҒЫ ДЕВИАЦИЯ» бағдарламасы бойынша семинар өтті.

Семинардың мақсаты: жасөспірімдер арасындағы суицид проблемасын анықтау, мектеп оқушылары арасында өз-өзіне қол жұмсау көрсеткіштерін төмендету. Семинар келесідей бағыттар бойынша өтті:

  1. девиантты мінез-құлық психологиясы: диагностика, коррекция, профилактика,
  2. суицидті мінез-құлық психологиясы: диагностика, коррекция, профилактика.

Семинар қазіргі қоғамда өте өзекті мәселелердің біріне арналды. Себебі қазіргі қоғамда болып жатқан әлеуметтік сәтсіздіктер, отбасындағы қаржылық және экономикалық дағдарыстар, толық емес отбасы, отбасындағы патологиялық тәрбие, отбасындағы конфликтілік қатынас, жалғыздық, әлеуметтік байланыстардың аздығы немесе жоғалту және т.б. әлеуметтік-психологиялық қиындықтарға диагностика жасау, олардың алдын алу шараларын жасау ерекшеліктері семинар барысында талқыланды.

Сонымен қатар, аталған мәселе бойынша жасөспірімдермен ғана емес, мектеп ұстаздары, сынып жетекшілері және отбасымен тікелей жұмыс жасау қажеттілігі де маңызды екені айтылды.

Семинар барысында суицидті мінез-құлық психологиясы, оның ішінде, суицид, суицидтік ойлау, суицидтік жоспар, суицидтік әрекет түсініктері анықталып, психологиялық және әлеуметтік тәуекел факторлары, тыңдаушылар тарапынан қызығушылық туғызды.