ҚазАқпарат

14.07.2015

Көрулер: 1538

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде Нельсон Мандела атындағы аудитория ашылды

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Философия және саясаттану факультетінде Нельсон Мандела атындағы аудитория ашылды. БҰҰ Бас ассамблеясының шешімімен 18 шілде Нобель сыйлығының лауреаты - халықаралық Нельсон Манделаның күні деп аталып өтілетін болды.

Салтанатты шарада Оңтүстік Африканың Қазақстандағы елшісі Шириш Манаклал Сони, БҰҰ қоғамдық ақпарат департаментінің өкілі Властимил Самек, оқу орнының ұстаздары, докторанттары, магистранттары қатысты.

Жаңа аудиторияда Нельсон Манделаның қанатты сөздері, принциптері, биографиялық өмірі жазылған стенд, онлайн конференция жүргізуге арналған үлкен экран, кітап-журналдар қойылған.

Оқу орнының бірінші проректоры Мұқаш Бүркітбаев бұл аудиторияның Қазақ ұлттық университеті мен ОАР арасындағы ынтымақтастықты дамытуда маңызды қадам болатынын жеткізді.

«Осы факультетте аңыз адам, бостандық пен азаттықтың символы Нельсон Манделаның кабинетін аштық. БҰҰ шешуімен 2009 жылдан бастап 18 шілде Нельсон Мандела күні деп аталып өтеді. Осы күнге арнап осындай шара ұйымдастырдық. Ол өз жанын аямай бейбітшілікке, халқының еркіндігіне арнаған адам. Тек біздің университетімізде ғана емес, күллі әлемде өзінің ерекше орны бар тұлға ретінде тарихта қалады», - деді проректор.

Оңтүстік Африканың Қазақстандағы елшісі Шириш Манаклал Сони африкалық қоғам қайраткерінің өмірі мен еңбегі қазақстандық студенттерге үлгі болатынын жеткізді.

«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен арадағы әріптестік өзіндік ерекшелікке ие. Біз осында мамыр айында кездесуде болған кезде бірнеше жобаларды жүзеге асыру туралы келісімге келген болатынбыз. Олардың бірі Нельсон Мандела атындағы орталық ашу. Қазір осы бағытта жұмыстар жасалып жатыр», - деді Шириш Манаклал Сони.

Сондай-ақ бүгін ұлттық университет пен ОАР-ындағы Durban University of Technology университетінің студенттері «Халықаралық Нельсон Мандела күні: белсенді еріктілерді қалыптастыру» тақырыбында онлайн-конференция өткізді.