ҚазАқпарат

03.07.2015

Көрулер: 1675

Елбасы бастамалары жаңа стратегиялық көкжиектерге жол ашып, дарынды жастарымызға ғылыми жаңалықтар ашуға шабыт береді - Ғ.Мұтанов

Жуырда «Назарбаевпен ең бастылар жайлы...» деректі фильмі көрсетілді. Ол ел Президентімен жүргізілген сұхбат негізінде құрылған. Мемлекет басшысының саяси шешімдері мен жеке ой-толғаныстары туралы ашып айтуы қазақстандықтардың көңілінен шықты. Астана күні мен Елбасының туған күні қарсаңында ҚазАқпараттың Бейжіңдегі тілшісі Садық Әкіжановтың сауалдарына жауап берген әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры, академик Ғалым Мұтанов Қазақстанның стратегиялық жобалары мен университеттің алдында тұрған міндеттері туралы әңгімелеп берді.

- Сіз Нұрсұлтан Назарбаевпен бірнеше рет кездестіңіз, сол кездесулерден алған әсеріңізбен бөліссеңіз.

- Алғаш рет Нұрсұлтан Әбішұлымен кездесу бақыты маған 1998 жылы қазан айында Елбасының Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне келген кезінде бұйырған. Ол кезде мен аталған оқу орнының ректоры болғанмын. Бірінші кездесуде Президентіміздің қарапайымдылығына, оның адамдармен тең дәрежеде сөйлесетініне таңдандым. Көтерген мәселені егжей-тегжейлі білуі, жалпы білімділігі тамсандырды. Барлық кездесулерде Президенттің ерекше дарындылығы мен жылылығын сезіндім.

Сол өлкенің бұрынғы тұрғыны ретінде айтатыным, Елбасы Н. Назарбаевтың ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіруі көреген әрі стратегиялық маңызды шешім болды. Өйткені шекара маңындағы аймақтар үшін Алматыға қарағанда Мәскеу жақынырақ болған.

Осындағы 7 жылдық жұмысым ішінде түрлі ұлт өкілдері тұратын аймақтарда Нұрсұлтан Назарбаевты ұлтаралық келісімнің кепілі, жұрт сенімін арқалайтын, ақтайтын басшы ретінде қабылдайтынын аңғардым. Үш айдан кейін өткен сайлауда облыс тұрғындары Н.Ә. Назарбаевқа ең көп дауыс беруі соған айғақ болды.

-Мемлекет басшысының ірі стратегиялық жобалары жөніндегі Сіздің пікіріңіз қандай?

- Президенттің бастамалары Қазақстанның дамуына серпін беретін жаңа стратегиялық мүмкіндіктерді ашады. 2030 Стратегиясы мерзімінен бұрын орындалды, енді 2050 Стратегиясын жүзеге асыру керек. Оның негізгі мақсаты - халықтың жағдайын жақсарту, тұрғындардың өмір сапасын дамыған елдердің деңгейіне дейін жеткізу, елдің ұзақ мерзімді тұрақты түрде дамуын қамтамасыз ету.

Әлемдік деңгейдегі стратег ретінде Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық қоғамды жаңғыртудың бес қағидатын ұсынды. «Мәңгілік ел» төңірегінде топтастыратын «мемлекет құрылысының 100 нақты қадамынан» тұратын ұлт жоспарын жария етті.

Елбасының «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы - барлық қазақстандықтарды біріктіретін және еліміздің жарқын болашағына жол сілтейтін рухани үндеу. Тәуелсіздік бен егемендікті сақтап қана қалмай, ұрпақтан ұрпаққа асыл мұра ретінде қалдыра алған ұлт қана «Мәңгілік ел» атана алады.

- Өткен жылдың сәуір айында Сіз Президенттің қабылдауында болдыңыз. Нұрсұлтан Әбішұлы университет алдында қандай міндеттер қойды және Сіздер оны қалай жүзеге асырып жатырсыздар?

- Кездесуде Мемлекет басшысы білікті кадрларды даярлау елдің индустриялық-инновациялық дамуына, жоғары білімнің сапасына - халықаралық жоғарғы талаптарға сәйкес болуына, ал елдің ЖОО-лары әлемдегі үздік университеттердің рейтингіне енуіне бағытталуы тиіс екенін атап өтті. ҚазҰУ-ды әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналдыруға бағытталған кешенді құрылымдық жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Нәтижесінде Орталық Азия елдерінің ЖОО-лары ішінде бірінші болып QS халықаралық рейтингінде ТОП-300 - әлемнің үздік ЖОО-лары қатарына кірдік.

ҚазҰУ өзінің сан қырлы қызметінде экономиканың басты ресурсы болып табылатын әлемнің жетекші университеттерінің халықаралық тәжірибесіне сүйенеді, сондай-ақ еліміздің дамуына жүйелі түрде ықпал етуге бағытталған Назарбаев Университетінің бірегей моделіне жүгінеді.

Озық тәжірибе негізінде университетті әлемдік деңгейге жетелейтін екі ірі кластер құрылады - инновациялық және биомедициналық. Бұл үшін мемлекеттік-жеке серіктестік қағидаттары негізінде Оңтүстік Корея, Гонконг және Сингапурдың жетекші компанияларының инвестициялары тартылуда.

- Өткен жылдың желтоқсан айындаҚазақ Ұлттық университетіне жасаған сапары кезінде Президент оңтүстіккореялық «Кангнам Северанс» клиникасымен бірлесіп құрылған медициналық диагностикалық орталығының жұмысын ашты. Биомедициналық кластерді құру қалай жүріп жатыр?

- Диагностикалық орталық - аталмыш кластер құрудың алғашқы кезеңі. Ол жоғары технологиялық медициналық құралдармен жабдықталған, пациенттер мұнда әлемдік стандарттарға сәйкес скринингтік қаралудан, диагностикадан өтіп, ем қабылдай алады. Ал U-Health телемедицинасы жүйесін қолдану науқастарға қатысты медициналық мәліметтерді онлайн-режимде кореялық «Кангнам Северанс» емханасының мамандарына жіберіп, емдеу бойынша жедел кеңес алуға мүмкіндік берді. Университеттің ендігі жоспары - мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде 500 адамға арналған өз емханасының және ірі ғылыми-зерттеу зертханасының құрылысын бастау.

Таяуда Оңтүстік Кореяның 25 маманы ҚазҰУ-нің 250 студенті мен қызметкерін қараудан өткізді. Бұдан басқа, университет пен «Кангнам Северанс» емханасының стратегиялық серіктестігінің арқасында Алматы, Алматы облысы және Шығыс Қазақстан облыстарының тұрғындары Оңтүстік Кореяның жетекші мамандарына тегін қаралу мүмкіндігін алды.

- Қазақстан Президенті Астанада өткен Индустрияландыру күні аясындағы жалпыұлттық телекөпір барысында қазақстандық жастардың арасынан ғалымдар мен өнертапқыштарды - жаңа Леонардо да Винчиларды іздеуге шақырды. ҚазҰУ-де сондай жастар бар ма?

- Менің кәсіби қызметім ұзақ жылдар бойы жастармен тығыз байланысты болғандықтан, Қазақстан жастары - әрі талантты, әрі бастамашыл, көптеген серпінді идеялардың генераторы деп үлкен сеніммен әрі зор мақтанышпен айта аламын. Осындай жастарға біз ғылымдағы әлеуетін іске асыру және өндіріске енгізу үшін барлық жағдайды жасап отырмыз. Университеттің бүкіл әлемге танымал «Hewlett-Packard», «Cisco», «Konica minolta», «Microsoft», «Intel», «Samsung» компанияларымен бірлескен кооперациясы осы бағытта қызмет етіп отыр. Аталған компаниялар бізде оқу-ғылыми орталықтарын ашты.ҚазҰУ-де Жібек жолының «ІТ-технопаркі» құрылды, ал қытайлық «Inspur» компаниясы грант есебінен суперкомпьютерді тегін орнатады. Жыл сайын ЖОО-на бөлінетін грант қаражатының 10 пайызы, шамамен 420 млн. теңге жас ғалымдарға қолдау көрсетуге бағытталады.

Біздің студенттеріміздің стартап құрып, табысты жұмыс істеп отырған инновациялық жұмыстары мен идеялары жөнінде көп мысал келтіруге болады. Атап айтқанда, Токио университетінде білім алған магистранттар бірінші отандық наноспутникті жасап жатыр. Биылғы жылдың қыркүйек айында ҚазҰУ ҚР Аэроғарыштық комитетінің қолдауымен оны халықаралық ғарыш стансасының бортынан ұшыруға дайындалып жатыр.Бүгінде жастар ғарыш техникасы мен технологиясы саласына үлкен қызығушылық танытуда. Жас ғалымдар көміртек наноқұрылымдар негізіндегі антифрикциондық материал, электромагниттік сәулеленудің сезімтал тетіктері және графендік наноқұрылымдардың негізіндегі деформация, плазмалық кристалл негізіндегі жаңа материалдарды құру жобаларына жұмылдырылған.

Жастардың Отанға деген патриоттық сезімін ерекше атап өткім келеді. Олардың Елбасына деген ықыласы ерекше, оған сенеді. Жастардың барлық президенттік сайлауда ерекше белсенділік танытуын Мемлекет басшысына сенім мен қолдаудың жарқын көрінісі ретінде атап өтуге болады. ҚазҰУ студенттері биылғы президенттік сайлауда ұйымшылдық танытты, олар Елбасымызға бірауыздан дауыс берген.

Сонау 1991 жылы Ұлыбритания Премьер-министрі Маргарет Тэтчер өз пікірін білдіріп, «Қазіргі кезде әлемде бес-алты ірі және өте беделді саясаткер бар, Нұрсұлтан Назарбаев солардың қатарында» деген болатын. Бұл салиқалы ойдың шынайылығын өмір дәлелдеді. Қазақтарда: «Елдің атын ер шығарады» деген мақал бар. Елбасының арқасында, біздің Қазақстанды бүкіл әлем танып, ол туралы әлі де білетін болады.

- Сұхбатыңызға рахмет.