Айқын

20.06.2015

Көрулер: 1980

Қабілетті жас – мемлекет тірегі

Қазіргі Қазақстан қоғамының дамуына тетік ретінде Президент ұсынған бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға бағытталған 100 нақты қадам бағдарламасын айтуға болады.

Мәнсия Садырова, социология ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры:

Кез келген реформалар мен әлеу­меттік өзгерістерді жүзеге асыру адамдық потенциалды, соның ішінде ЖОО түлектерінің кәсіби біліктілігінің жоғары деңгейін және олардың алған кәсіби білімін еңбек нарығында тиімді пайдалану мәселесінің өзектілігін арттырады. Сондықтан да «100 нақты қадамның» 77-қадамында экономиканың алты негізгі саласы үшін он жоғары оқу орнында білікті кадрларды әзірлеу міндетті алға қойылған. Сонымен қатар құжатта еңбек қатынастарын ырықтандыру, жаңа «Еңбек кодексін» әзірлеу мәселесі де көрініс тапқан. Қазіргі кезде ЖОО түлектерінің кәсіби потенциалын ҚР жұмыспен қамту саясатымен ұштастыра отырып, жүйелі пайдаланудың өзектілігі артуда. Сондықтан да қазіргі жаңа стратегиялық бағытқа сәйкес қа­зақстандық еңбек нарығында жас мамандар потенциалын тиімді пай­даланудың талаптарын ұлғайта отырып сындарлы концепция жасау қажеттігі туындауда. Осы бағыттағы жұмысты жүргізуде жаңа әдістер мен үлгілерді ұсыну отандық ғалымдар үлесінде деп ойлаймын. Бұл тарапта әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс» кафедрасы профессорлары жас мамандар мен ЖОО түлектерінің кәсіби сапасы, жұмысбастылығы, ЖОО-ның жұмыс берушілермен ынтымағы, жастардың еңбек нарығындағы жұмыс іздеу стра­тегияларына қатысты ғылыми жоба­лар іске асырылуда.
Түлектердің жұмысқа орналасуына еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныс, мемлекеттің жұмыспен қамту саясаты, жұмыспен қамтудың аймақтық ерек­шеліктері, ЖОО-дағы білім сапасы, жұмысқа орналасудағы жастардың мо­тивтері мен жұмыс берушілердің талап­тары елеулі әсер етеді.
Мемлекет алға қойып отырған келелі шаралар жастар арасындағы жұмысқа орналасуда тап болатын кедергілерді шешудің де жолдарын қарастыруды қажет етеді. «Қазақстан жастары – 2013» атты «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы дайындаған ұлттық баяндамада көр­сетілгендей, жастардың жұмысқа орналасуына жұмыс тәжірибесінің жетіспеуі (22%), жалақының төмендігі (17%), жас мамандардың бәсекеге төтеп бере алмауы (10%), тұрып жатқан елді мекенде жұмыстың болмау (10%) кедергі келтіруде. Жаңа жұмысбастылық саясаты осы аталған мәселелерді шешудің жолда­рын ұсынуда. Бұл жерде «Жұмыспен қамту – 2020», «Димломмен – ауылға» және басқа да бағдарламаларды атауға болады. Қазіргі кезде ЖОО түлектерінің жұмысқа орналасуын арнайы жұмыс орындарына бөлу саясаты және жас маманды тәжірибеден өтпей ақ жұмысқа қабылдау шараларының маңызы зор.
Сонымен қатар жас мамандардың шағын және орта бизнеспен айналасуына қатысты мемелекет жүргізіп отырған саясат та болашақта Қазақстан қоға­мының әлеуметтік құрылымында кәсіпкер тобының санының басымдығы артатынын көрсетеді. Бұл орта таптың қоғамдағы аталған міндеттерді шешудегі маңызын арттырады және тұрғындардың әл-ауқатын көтерудің де бірден-бір факторы болып табылады. Бұл жерде біз 100 қадамда қойылған қадамдардың бір-біріне байланыстылығын, сабақтастығын көреміз. 100 қадам жүйелі реформа деп ойлайсың. Бұл жерде әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық қадамдары толық қанды орындалуы керек. Қоғам тұтас организ. Сол сияқты реформаның да бір саласы алға кетіп, басқа салалары артта қалса, тиімді нәтижелер өз деңгейінде көріне алмайды.
Жас мамандардың жұмысбастылығы жұмыс берушілердің де еңбек нары­ғындағы талаптарына байланысты. Жұмыс берушілердің жас мамандарға қоятын талаптарын үшке бөлуге болады. Олар жоғары, маңызды, өте маңызды, екінші кезектегі болып бөлінеді. Жұмыс берушілер бір жағынан жас мамандардан жауапкершілік пен белсенділікті қажет етсе, екінші жағынан тәртіп пен орындаушылық қасиеттерді талап етеді. Сондықтан да кейде орындаушылық қасиеті басым жас жұмысқа оңай орналасып кетуі мүмкін. Бұл жерде білім беру қызметтерінің аймақтық еңбек нарығы қызметімен сәйкестігінің, білім беру нарығы сипаты, еңбек нарығының индикаторлары ескерілетін басқару жүйесін құру қажеттігі туындайды.
Жастардың кәсіби потенциалын тиімді пайдалануда еңбек құндылықтары жүйесінің әсерін ескеру маңызды. Қазіргі кезде жастардың жұмысқа орналасу стратегиясында мындадай тенденциялар байқалады:
• Жастардың көбі жоғары білімді жалпы даму үшін қажет, мансап жасаудың кілті, өмірде қажет құжат ретінде қабылдайды.
• Жастардың жартысынан көбі өз мамандағы бойынша жұмыс істемейді не жұмыс істегісі келмейді;
•Жастардың өз мамандығы бойынша жұмыс атқармайтын негізгі себептері: «Мамандық бойынша жалақы төмен», «мамандық бойынша жұмыс табу қиын» және «мамандығым ұнамайды».
Сонымен қатар жастар кәсіби білімнің жұмыс орнының талаптарына сәйкес кел­меуін, таныстың болмауын да көрсетеді.
Қазіргі кезде Қазақстанда жаңа сападағы жаһандық талаптарға сай келетін еңбек нарығы қалыптасуда. Соған сәйкес еңбек қатынастары, ЖОО-ға қойылатын талаптар өзгеруде. Жаңа стратегиялық өзгерістер қоғам өмірінде жаңа серпін беруде.

Сейсен ӘМIРБЕКҰЛЫ