Жаһандық университет

27.08.2015

Көрулер: 2557

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Клинтонның жаһандық бастамасы (CGI) мен «Clinton Global Initiative University» (CGI U) университеттер жүйесіне мүше болды. ЖОО-ға беделді университеттер консорциумына кіру туралы ұсынысты АҚШ-тың экс-президенті Билл Клинтон ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтановқа жолдаған хатында білдірді.

Клинтонның жаһандық бастамасы (CGI) – бұл көшбасшылардың халықаралық қауымдастығы, ол ең өзекті жаһандық мәселелерге арналған жаңашыл шешімдерді жүзеге асыру үшін құрылған. 2005 жылы Б. Клинтон негізін қалаған ұйым жүздеген бизнес көшбасшылары, қайырымдылықпен айналысушы адамдар, әлемнің көптеген елдерінің ғалымдары мен мемлекет басшылары енген үлкен қауымдастыққа айналды. Жаһандық бастама әлемдегі өмірді жақсартуға ұмтылған адамдарды біріктіреді және адамзаттың өзекті мәселелерінің шешу жолдарын іздестіруге белсенді қатысады. Нью-Йорк қаласында өтетін жыл сайынғы құрылтайда қоршаған орта, білім беру, денсаулық сақтау, жаңа технологияларды ендіру, т.б. мәселелер талқыланады. Құрылғаннан бері ұйым әлемнің 180 елінде 400 миллионнан астам адамға көмек берген.

Аталған бастама аясында құрылған «Clinton Global Initiative University» («CGI U») – әлемнің жетекші университеттерінің желісі болып табылады. Бұл талантты студент-көшбасшылардың жаңашыл және кәсіпкерлік идеяларын дамытуға және қолдауға бағытталған ұлғаюшы университеттер консорциумы. «CGI U» университеті құрылған күннен бастап 145 елдің 7500-ден астам студентіне қолдау көрсеткен.

«CGI U» желісіне кіру ұсынысы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың БҰҰ Жаһандық хабы және ЮНЕСКО аймақтық хабы ретіндегі жоғары беделінің көрсеткіші болып табылады. Жаһандық бастамалар мен жобаларды дамыту және ілгері жылжыту бойынша белсенді қызмет, көптеген жетекші халықаралық ЖОО қауымдастықтары мен ұйымдарына мүшелік, ғылым мен білім берудегі әлемдік деңгейдегі жетістіктер – осының бәрі қауымдастыққа кіретін ЖОО-ның маңызды әрі қажетті жоғары рейтингісінің көрсеткіші болып табылған. Сондай-ақ, халықаралық сарапшылар пікірінше, шешуші рөлді студенттік өнертапқыштық пен кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған университеттің инновациялық қызметі атқарады.

Жуырда ғана Нью-Йорк университетінде (АҚШ) университеттер консорциумы мүшелерінің кездесуі өтті. Онда «CGI U» желісіне қабылдау бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кандидатурасы бірауыздан қолдау тапты. Осылайша, АҚШ-тың экс президенті басқарған «CGI U» университеті еуразиялық кеңістіктегі жоғары білім беру саласының жалғыз өкілі – ҚазҰУ мүмкіндігін бағалай отырып, оны адамзаттың көптеген өзекті мәселелерін шешуде серіктес санайды.

Бүгінгі таңда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ көптеген жетекші ЖОО қауымдастықтары мен желілерінің мүшесі болып табылады. Клинтонның жаһандық бастамасы университеттер желісіне кіру ұсынысын ТМД ЖОО-лары ішінде алғашқылардың қатарында алуы – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылым мен білім берудің әлемдік деңгейде дамуына, ғылыми зерттеулерді жүргізуге, халықаралық студенттік және ғылыми ортаны адамзаттың әлемдік мәселелерін шешуге жұмылдыруға қосқан сүбелі үлесінің кезекті рет мойындалуы болып табылады.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі