Ең үздік мектеп түлектері ҚазҰУ-ды таңдайды

13.08.2015

Көрулер: 3056

Әл-Фараби атынындағы Қазақ Ұлттық Университеті женңіп алған оқу гранттарының саны бойынша еліміздегі ЖОО арасында дәстүрлі түрде тағы да көш бастады.

Ең үздік мектеп түлектерінің ҚазҰУ-ды таңдауы кездейсоқ емес. Қазіргі таңда жастарымыз үшін сапалы білім алу маңызды өмірлік басымдық болып табылады және оны еліміздің жетекші оқу орнында алуға болады. Университет түлектері экономиканың сан алуан салалары мен ел өмірінің түрлі аясында сұранысқа ие. Жұмыс берушілер жас мамандарды жұмысқа қабылдарда ҚазҰУ дипломына басымдық береді.

Осы жылы университетке түсушілер техникалық және экономикалық, сонымен қатар гуманитарлық және жаратылыстану-ғылыми бағыттағы мамандықтарға басым таңдау жасады. Сондықтан ең үлкен бәсеке радиотехника, электроника және телекоммуникациялар, ақпараттық жүйелер, автоматтандыру және басқару, стандарттау, сертификаттау және метрология, биотехнология, аударма ісі, халықаралық қатынастар, құқықтану, қаржы, есеп және аудит, экономика және халықаралық құқық секілді мамандықтар арасында орын алды. Магистратура және докторантура түсушілер арасында да конкурс өте жоғары екендігі байқалады. Жекелеген мамандықтар бойынша үміткерлер саны бір орынға 20-30 адамнан келеді.

ҚазҰУ бірегей интеллектуалды және ғылыми әлеуетке ие. Ол әлемнің ең үздік 300 және технологиялық тұрғыда дамыған 50 жоғары оқу орындарының қатарына енген Қазақстандағы алғашқы университет. Мұнда әлемнің жетекші университеттерімен қосдипломды білім бағдарламалары, жұмыс берушілердің талабын ескере отырып студенттерді оқытудың модульді технологиясы, нәтижеге бағытталған басқарудың жетекші әдістері, ағылшын тілінде оқыту, жаңа оқу бағдарламалары мен мамандықтар белсенді түрде енгізілуде.

Университет еліміздің индустриалды-жаңашыл бағытта дамуы үшін белсенді түрде жоғары білікті мамандарды даярлауға кірісті. ҚазҰУ химия өндірісі және ақпараттық коммуникациялық технологиялар саласы бойынша магистратурада мамандарды дайындауда базалық университет болып табылады. Қазақстанның ӘСҰ-на кіруіне байланысты исламдық банкинг, халықаралық сауда, халықаралық маркетинг және т.б. бойынша жаңадан магистрлік бағдарламалар ашылды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз Қызметі