Эмити университетінің канцері А.Чаухан (Үндістан) ҚазҰУ-да болды

16.06.2015

Көрулер: 2823

ҚазҰУ-да академик Ғ.Мұтанов Эмити университетінің канцлері, доктор Атул Чауханмен келіссөз өткізді. Кездесуде бірлескен ынтымақтастықтың ары қарай жалғасу мәселелері талқыланды.

Шараны ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов ашты. «Соңғы екі жылда Үндістан университеті мен ҚазҰУ арасындағы серіктестік белсенді дамып келеді. Студенттер мен оқытушылар бірқатар жобалармен тәжірибе алмасуда. Сондай-ақ, университетте Махатма Ганди және йога орталықтары ашылды. Үндітану бөлімшесі үнді тілі, мәдениеті мен тарихы бойынша ғылыми-зерттеу қызметін жүргізеді», – деп мәлімдеді университет басшысы.

Кездесу барысында Ғалым Мұтанов ҚазҰУ мен Цукуба (Жапония) университеті арасындағы бірлескен «Кампус кампуста» жобасы қазірдің өзінде табысты жүзеге асып жатқандығын айтты. Бұл жобаның негізінде студенттер қос диплом алу мүмкіндігіне ие болады.

Өз кезегінде, А.Чаухан ҚазҰУ басшылығына жылы қабылдау үшін алғысын білдіріп, Эмити университеті қазақстандық университетпен ғылым, білім және инновацияның түрлі салаларында ынтымақтасуға ниетті екендігін жеткізді.

Ғалым Мұтанов бастамаларды қолдай отырып, бірігіп докторанттар дайындау туралы ұсыныс жасады. «Мен біздің университеттер арасындағы қарым-қатынас Қазақстан мен Үндістан арасындағы достықтың тағы бір көпірі болады деп ойлаймын. Екі жоғары оқу орынының бір-бірімен ынтымақтастығы басқаларға жақсы үлгі бола алады», – деді Атул Чаухан.

Кездесу соңында ректор Ғалым Мұтанов A.Чауханға «ҚазҰУ достары» халықаралық клубының құрметті мүшесі» деген сертификатты табыс етті.

Еске сала кетсек, осы жылдың көктемінде ректор Ғалым Мұтанов бастаған ҚазҰУ делегациясы Үндістанға сапары барысында Ұлыбритания, БАӘ, АҚШ, Сингапур, Қытай сынды көптеген елдеріндегі филиалдары бар Эмити университетінде болған еді. Кездесуде екі елдің жоғары оқу орындары арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған болатын. Сонымен қатар, ҚазҰУ студенттері Эмити университетінің студенттері мен оқытушы-профессорлар құрамына мерекелік концерт қойды.

Баспасөз қызметі