ҚазҰУ-да «Жібек Жолы түйелері: тұрақты дамудағы камелидтерді зерттеу» атты ІV халықаралық ISOCARD конференциясы өтіп жатыр

09.06.2015

Көрулер: 3050

ҚазҰУ-да «Жібек жолы түйелері: тұрақты дамудағы камелидтерді зерттеу» атты ІV халықаралық ISOCARD конференциясы өтіп жатыр. Университет пен «ISOCARD-Kazakhstan» қоғамдық қоры бірлесіп ұйымдастырған шараға 35 елден келген қонақтардың қатысуда.

Конференцияны ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов ашты: «Ұлы Жібек жолы – Еуразия жүрегінде орналасқан Қазақстанның бір бөлшегі. Оның символы – түйе. Ал бұл жануар қазақтың тарихымен, дәстүрімен тығыз байланысты», – дей келе, шараның маңыздылығына тоқталып өтті. Сонымен қатар ректор ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің: – Ұлы Жібек жолы – екі құрлықты, өркениетті жалғаушы көпір ғана емес, ол әлемдік экономиканың жақындасуына белсенді түрде ықпалын тигізіп келе жатыр. Бүкіл әлем ғалымдарының бірлескен күш-жігері, жаңа ғылыми жаңалықтары, ғылыми технологияларының арқасында түйе малы қазіргі қоғам өмірінде қайтадан өзінің лайықты орнын алатындығы сөзсіз, – деген сөздерін жеткізе келе, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Бүгінде әлемді су тапшылығы, экология, жаһандық мәселелер сынды түйткілді жайттар толғандыратыны рас. Ал адамға жан азық болатын құнарлы өнім ғана осы проблемалардан құтылуға жол ашатын бірден-бір жол. Мемлекет қолдау көрсетіп отырған бұл конференция ел игілігі үшін жасалып отыр», – деді жиында сөз өйлеген ҚазҰАУ ректоры Тілектес Есполов.

Конференция аясында «Камелидтердің биологиясы», «Камелидтердің өнімділігі және өнімдері», «Түйе шаруашылығының экономикасы және әлеуметтік-мәдени аспектілер», «Камелидтердің денсаулығы», «Камелидтердің физикалық және техникалық қоршаған ортасы» атты секциялар жұмыс жасады.

Қазақстанның түйе өсіруші елдер арасында алдыңғы қатарда екендігі белгілі. Біздің еліміз түйенің бір және екі өркешті түрімен қоса, оның гибридтерін өсіру дәстүрін сақтап қалған. Сондықтан қазақстандық камелид зерттеушілердің тәжірибесі конференция қатысушылары тарапынан үлкен қызығушылық тудырды.

Баспасөз қызметі