«Студенттік көктем 2015» байқауы актерлік шеберлік бағыты бойынша өз маусымын аяқтады

31.03.2015

Көрулер: 3600

«Студенттік көктем 2015» байқауы актерлік шеберлік бағыты бойынша өз маусымын аяқтады. Биылғы шараның жылдағыдан ерекшелігі - қатысушы актерларымыздың бар қарым-қабілетін «Қазақ хандығының 550» жылдығына арнауы.

Тарих болашаққа бастар ұлы даңғыл. Оны ұмыту әсте мүмкін емес. Қазақ хандығы қазақ халқының алғашқы мемлекеттілігінің бір көрінісі. Халқымыздың төрт ғасырға созылған шерлі шежіресінде жиырмадан астам хан билік құрған. Ел тұтқасын қолға ұстаған бұл тарихи тұлғалардың талайым тағдырлары да сан қилы, билік құрудағы қабілеттері де әр деңгейде болды. Осындай жауапкершілікті білімгерлеріміз де сезінсе керек, «Керей хан», «Қасым хан», «Есім хан», «Жәңгір хан», «Кенесары хан», «Абылай хан», «Әбілқайыр хандарға» арналған сахналық қойылымдарын жоғары деңгейде орындап шықты. Тіпті, кейбір студенттеріміздің шеберлігі кәсіби актерларымыздан кем түспейтіндігі аңғарылады. Қойылым барысында көрермендер ханды ақ киізге отырғызып хан сайлау, хан кеңесі, әскердің жауға аттануы, бұқараның жай-күйі, соғыс даласындағы ұрыс сынды жайттардан үзінділер тамашалады. Жүйріктен жүйрік озған кеште қазылар алқасы таланттардың өнерін таразылады. Айтулы шараға актриса Қалдыбаева Ләззат, әнші-актер Жұматаев Ернар, режиссер Нұрхан Қадірбаев, университеттің тәрбие жұмысы жөніндегі департамент директоры Меңдігүл Ноғайбаева қазылық етті. Жалпы, жарысқа барлығы 9 топ қатысып, оның 5-і жүлделі орындардан көрінді. Атап айтсақ, Экономика және бизнес жоғарғы мектебі «Әбілқайыр хан», География факультеті «Есім хан» қойлымдарымен 3-орынды, Тарих археология және этнология факультеті «Әз Жәнібек», Жоғарғы оқу орнына дейінгі дайындық факультеті «Тақыр, Мамаш, Бұйдаш, Ахмет, Тоғыл хан» қойлымдарымен 2-орынды, Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті «Абылай хан» қойлымымен 1-орынды иеленді.

Меңдігүл Ноғайбаева, Тәрбие жұмысы жөніндегі департамент директоры: «Студенттік көктем байқауы университетімізде жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп, студенттік өмірдің ажырамас бөлігіне айналған біздің дәстүрлі мерекеміз. Биыл осы «Студенттік көктем» көркем өнерпаздар байқауының Алматы қаласы бойынша 80 жылдық мерейтойы аталып өткелі отыр. Бұл шараны ең алғашқы болып біздің университет қолға алғанын ескерсек, оның тарихы да киелі оқу ордамызбен тікелей байланысты екенін аңғарамыз. Сондықтан ҚазҰУ-дың тарихынан «Студенттік көктемді» бөліп алуға болмайды. Байқау жыл сайын әр түрлі номинациялар бойынша өтеді. Актерлік шеберлік, аспаптарда ойнау, билер, вокал жағынан тағы басқа. Олардың өзін жыл сайын жаңашаландырып отырамыз. Мысалы, осы жолғыда әр түрлі халықтың биіне арналған би номинациясын Қазақстан Халықтар Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойына, вокалдық жағынан Жеңістің 70 жылдығына орай әскери-патриоттық әндерден сайыс түрінде өткіздік. Сонымен қатар Қазақ хандығының 550 жылдығын мемлекет деңгейінде атап өту елбасымыз Н.Әбішұлының шешімі болғандықтан бүгінгі ұлттық аспаптарда ойнау, жыраулық салт-дәстүр, актерлік шеберлікті қосып Қазақ хандығының 550 жылдығына арнадық», - дейді.

1-орын алған филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінен қатысқан топ мүшесі, «Үздік хан рөлін сомдаушы» аталымының иегері Сәкен Есенгелдиев өз әсерімен бөлісті: «Жалпы алғанда өмірде үлкен сенмділік те, үлкен сенімсіздік те адамға жақсы нәрсе сыйламайды. Екеуінің ортасында болғанды қалаймын. Сол күнгі кеш алдында да менің көңілім алабұртып тұрғаны рас. «Жеңеміз бе, жеңе алмай, үміт артқан адамдардың үмітін ақтай алмай қаламыз ба?» деген барлық командада үлкен ой болды. Бірақ хан рөлін ең үздік орындаған актер номинациясы туралы ойыма кіріп те шықпапты. Сахнада тұрғанда ыңғайсызданып та қалдым. Бірақ, қанша дегенмен де қуаныштымын. Еңбегіміз жанды. Еңбегім емес, еңбегіміз. Актерлік шеберхана дегенді көп адам түсіне бермес. Бірақ, айтарым сахнада актер өзінің жолдас актерлерінсіз түкке тұрмайды. Бір ғана актер барлық қойылымды алып шығуы мүмкін емес. Қойылымға қатысы бар адамның бәрі маңызды. Тек актер емес, музыка қоюшы адамнан, жарық түсіруші адамға дейін маңызды».