«Студенттік көктем-2015» ән байқауы өз мәресіне жетті

21.03.2015

Көрулер: 2607

Наурыз айының 20-шы жұлдызында Ө. Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында «Студенттік көктем-2015» ән фестивалі болып өтті.

Бұл байқау жылдағыдан ерекшелігі – Ұлы жеңістің 70 жылдығына арналып, әскери патриоттық әндер орындалуында болды. Гала концерт жастардың рухын көтеріп, тарих тағылымын кеңінен насихаттады. Өскелең ұрпақ елін, жерін шетсіз шексіз сүю арқылы сол елдің перзенті екенін сезіндірер күш сыйлады, жасымас жігер берді. Азат еліміздің жеткен жетістіктерін, толағай табыстарын, сарабдал саясатын, қарышты қадамы мен заңғар заманын әлемге паш етуді көксейтін талантты ұл-қыздардың өнеріне тамсанбасқа амалың жоқ.

Қазылар алқасының құрамы соғыс ардагерлерімен ғана емес, эстрада жұлдыздарымен де толықты. Айталық, Майра Ілиясова, Меруерт Түсіпбаева сынды елімізге белгілі әншілер төрелік етіп, оң бағасын берген болатын.

Концертті алғы сөзімен ашқан соғыс ардагері - Шалекенов Уахид Хамзинұлының толғаған жыр тебіренісі залда отырған көрермендерді сұрапыл соғыстың қасіретін бір сәтке көз алдынан өткізгендей әсер қалдырды. Соғыс кезінде небәрі 19 жасар ол қанды қырғанның қасіретін көріп, оны өз басынан өткізді. Қазір тоқсанның төріне қарай шыққан абыз ақсақал жастарды отансүйгіштікке, ұлтжанды болуға шақырды.

Шындығында, қанатты қос пырақ – жақсылық нышаны, жасымас жігер, қажымас қайрат пен талмас талап, жауынгерлік рух бір адамның бойынан табылып жатса нұр үстіне нұр. Елі үші еміреніп, шейіт болған тағдыры тайқы шешіммен қиылған талай боздақтардың еткен еңбектері мен ерліктерін ұлықтайтын жастардың бар екендігіне күмән келтірмейміз.

Сондай-ақ кеште физика-технологиялық факультетінің студенті «Священная война» әнін орындап, көрерменнің зор ықылысына бөленді. Байқау соңына қарай қазылар алқасы жүлделі орынға ие болғандарды жариялады. Нәтижесінде, филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің студенті - Өмірхан Нұрхан мен экономика және бизнес жоғары мектебінің студенті - Айбосынов Талғат, халықаралық қатынастар факультетінің Шакирова Мадина III орынды, физика-технологиялық факультетінің атынан қатысқан «хор» және биология және биотехнология факультетінің студенті Сүйінішәлі Абай II орынды иленді. Жүлделі I орынды «Нам нужна одна победа» әнімен химия және химиялық технология факультетінің студенті Жолдас Ерасыл жеңіп алды.

Бейбіт еліміздің көгінде, көк туымыз желбіреп, патриоттық әндердің орындалғанына не жетсін?! Өйткені, өткен күннің зұлматын көрген соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін ұлықтау, оларды ұмытпау жастардың міндеті болса керек. Жазықсыз жандардың қаны төгіліп, қасіретті болашақ ұрпағына көрсетпеуді көксеген боздақтарға тағзым ету – біздің азаматтық борышымыз!

Баспасөз қызметі