26 қараша күні Болон үдерісі бойынша құрылған студенттік бюроның алғашқы дөңгелек үстелі өтті...

27.11.2009

Көрулер: 2300

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ректорының бастамасымен Болон үдерісі бойынша құрылған студенттік бюро жұмысының негізі қаланды. Болон үдерісі бойынша құрылған студенттік бюро бұл - университеттің білім беру жүйесінің тиімді дамуына жәрдемдесетін студенттердің ерікті қоғамдастығы. Болон үдерісі бойынша студенттік бюро Еуропа Студенттері Кеңесінің дәстүрін ескере отырып құрылып, Қазақстанның Болон үдерісіне қосылуына байланысты 2009 жылдың 5-6 желтоқсан күндері өткен Халықаралық форумның шешіміне сай оқу процесіне студенттерді көптеп қатыстыруды алдына мақсат етіп қояды. Университет көлемінде Болон үдерісі бойынша студенттік бюроның құрылуы Қазақстанның Болон үдерісіне қосылуына үлкен көмек көрсететіндігінде күмән жоқ. Студенттер жұмысын алға қарай жылжытып, университет әкімшілігі қолдап отырған студенттік бюро келесі мақсаттарды көздейді:

  • білім берудің кредиттік жүйесінің тиімді жұмыс істеуіне жәрдемдесу;
  • білім берудің кредиттік жүйесі шеңберінде студенттердің әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық мүдделеріне өкілдік ету;
  • студенттер мен университет әкімшілігі арасында олардың бірлесіп қызмет атқаруы үшін көпір орнату;
  • шешім қабылдауда студенттің үлесін көбейту мақсатымен студенттерді білім беру жүйесіне тарту;
  • студенттердің өзіндік жұмыс істеу деңгейінің дамуына, шығармашылық белсенділігінің және білім алуда өзіндік ынталандырудың артуына көмектесу арқылы білім беру сапасын жақсарту;
  • Болон үдерісіне Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың енуіне болысу.

Болон үдерісі бойынша құрылған студенттік бюроның «Кредиттік білім беру жүйесі студенттердің көзімен» атты бірінші дөңгелек үстелі Ө.А. Жолдасбеков атындағы студенттер сарайының «Руханият» орталығында өтті. Дөңгелек үстелге әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Оқу жұмысы жөніндегі проректоры Мұрат Кәдесұлы Орынханов, Тілдерді дамыту және тәрбие жұмысы жөніндегі департамент директоры Гүлнәр Әлібекқызы Сарсенбекова, факультет декандарының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары және Болон үдерісі бойынша студенттік бюроның атқарушы комитеті мен мүшелері қатысты. Дөңгелек үстелдің барысында халықаралық қатынастар факультетінің 3 курс студенттері Әйгерім Каюпова мен Жарқын Измагамбетовалар өздерінің мазмұнды әрі қызықты баяндамаларын оқып, студенттер мен қонақтарды Болон үдерісімен, кредиттік білім беру жүйесімен, оқу процесіне кредиттік технологияның ендіру мақсаттарымен тереңірек таныстырды.

«Болон үдерісі» тақырыбындағы баяндамасында Әйгерім Каюпова ұлттық білім беру жүйесінің әлемдік білім беру кеңістігіне қосылмай дамуының мүмкін еместігін баса көрсетті. Біздің еліміз посткеңестік кеңістікте бірінші болып 1997 жылдың өзінде-ақ Еуропа аумағындағы жоғары білім беру жүйесіне жататын квалификацияны мойындайтын Лиссабон Конвенциясына қол қойып, бекітті. Баяндамашы Қазақстанның 18 жоғары оқу орны Болон Декларациясының негізі болатын Ұлы Хартияға қол қойғандығын айтып өтті. 2004 жылдан бастап Қазақстанда жоғары білім берудің көпсатылы құрылымы қалыптасты: бакалавриат-магистратура-докторантура. Болон Декларациясының тағы бір негізгі постулаты сынақ бірліктерінің енгізілуі. Республикамыздың жоғары оқу орындарында білім берудің кредиттік жүйесі енгізілді. Сонымен қатар білім беру саласында Орталық-Азиялық аймақтың қалыптасуының негізі қаланғандығы айтылды. Бұған дәлел Тәжікстан, Қырғызстан, Әзірбайжан елдері қосылған Тараз декларациясы шегінің кеңеюі. Әйгерім сөзін қорытындылай келе, Қазақстанның Болон үдерісіне белсенді қосылуының басты себебі ретінде еліміздің бірыңғай білім беру кеңістігіне бірігуі және Қазақстан білім беру жүйесінің әлемдік стандарттарға сай келуі деп көрсетті.

Измагамбетова Жарқын өзінің баяндамасында білім берудің кредиттік жүйесіне тоқталды. Баяндамашы бірқатар сұрақтардың басын ашып көрсетуге тырысты. Кредиттер жүйесін, академиялық бірліктерді енгізудің мәні неде? Кредиттік жүйенің мақсаты - отандық білім беру бағдарламаларының халықаралық деңгейде мойындалуы, білім алушылар мен оқытушы-профессорлық құрамның мобильділігіне және білім беру сапасының өсуіне жағдай жасау, білім берудің нәтижелерін анықтау, студенттердің академиялық мобильділігін қамтамасыз ету, компетенция қалыптастыру. Нәтижесінде үздіксіз білім беру, соның ішінде «өмір бойы білім алу» идеясының жүзеге асуына жағдай жасау. «Кредит» түсінігіне, білім берудің кредиттік жүйесінде оқу процесі қалай жоспарланатынына анықтама беріліп, ауысу, оқудан шығу және қайтадан оқуын жалғастыру механизмдері қарастырылды. Кредиттік білім беру жүйесінің қиыншылықтары мен артықшылықтары аталып өтілді. Дөңгелек үстел барысында студенттер мен Оқу ісі жөніндегі проректор Мұрат Кәдесұлы Орынханов арасында орын алған пікір алмасу интерактивті формада өтті. Проректор Мұрат Кәдесұлы оқу процесіне байланысты студенттерді қызықтырған барлық сұрақтарға маман ретінде жауап берді. Студенттердің мобильділігі, эдвайзерлер аппаратының қызметі мен міндеттері, пәндердің эллективтілігі, интранет жүйесіндегі балл қою шарттары, жазғы семестрды шет ел университеттерінде оқып келудің мүмкіндіктері сияқты сұрақтарға жауапты студенттер Мұрат Кәдесұлының өзінен естіді.

Студенттік бюроның маңыздылығы мен перспективтілігінің зор екендігін атап, Мұрат Кәдесұлы бюроның алдағы атқаратын жұмысына сенім артты. Болон үдерісі бойынша құрылған студенттік бюро өзінің алғашқы дөңгелек үстелін жоғары дәрежеде өткізіп, болашақта да жемісті еңбек ететіндігіне деген сенімнің алғышарттарын қалады.