ІІ халықаралық журналистика және коммуникация қысқы мектебі өтті

12.02.2015

Көрулер: 2788

Алатау бөктері Белбұлақ шатқалындағы «Тау-Тұран» білім беру кешенінде ІІ халықаралық журналистика және коммуникация қысқы мектебі өтті. Медиа мектепке 150-ден астам журналистикаға маманданып жүрген студенттер, Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын «Дарын» мектеп-интернатының журналистика курсын тыңдаушы оқушылар, «Сыр Медиа» және «Жайық пресс» ЖШС, Астана, Көкшетау, Шымкент қалалық баспасөз өкілдері, сондай-ақ Қырғызстан, Өзбекстан және Әзірбайжан журналистері қатысты.


БҰҰ-ның70 жылдығы мен Бүкіләлемдік радио күніне арналған қысқы мектептің ұйымдастырушысы – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Медиасфера» гуманитарлық зерттеулер ғылыми орталығы.

Журналистика мектебіне ҚР БҰҰ Ақпараттық бюросы демеушілік танытып, Алматы қ. ЮНЕСКО Кластерлік бюросы, «Бас редакторлар клубы» ҚБ, «Қазақ университеті» баспа үйі ақпараттық қолдау көрсетті. Биылғы қысқы медиа мектептің ең басты жаңалығы – шара ЮНЕСКО Бүкіләлемдік радио күні жаһандық картасына енгізілді - https://worldradioday2015.crowdmap.com/. Сондай-ақ бүкіләлемдік радио күніне арналған ЮНЕСКО Бас директоры Ирина Бокованың ресми жолдауы тыңдалды.

Аталған шарада медиа майталмандары Мұрат Абенов, Тимур Сержанов, Мұхамедәлі Бұхарбаев, Қанат Әуесбай, Ольга Каплина, Серікқазы Кәкібаланов,Өркен Кенжебек, Яков Федоров, Нұрсұлтан Құрман, сондай-ақ Аита Сұлтаналиева (Қырғызстан), Фатима Муминова (Өзбекстан), Бюлбюл Әлиевалар (Әзірбайжан) шеберлік-сыныптарын жүргізді. Шараға Қырғыз қоғамдық телерадио хабар тарату корпорациясы «Достук», «Биринчи» радиоларының арнайы делегаты қатысып, екі ел арасында студенттік радио жобаларды эфирге шығару туралы келісім жасалды.

Шараның қорытындысы ретінде қазақстандық медиа-нарықта салалық журналистиканы тереңдетіп оқытатын білім берудің академиялық және бұқаралық онлайн бағдарламалар, журналистикаға жаңа буын өкілдерін дайындауда редакциялар мен медиа өкілдері қолдау көрсететін ақысыз тағлымдамалық курстар, Орта Азия елдері арасында жас журналистердің академиялық ұтқырлық тағлымдамаларын ұйымдастыру, жүзеге асыру ұсынылды.

Медиа мектептің ең жас қатысушысы Өмірбек Мадина: «Қайтсем де тілі жатық, ойы орамды масс-медиа майталманы боламын деп шешім қабылдадым», десе, Қорқыт ата атындығы Қызылорда ұлттық университетінің студенті Серікхан Жүзеев: «Қысқы мектеп жас журналистердің білім көкжиегін кеңейтті», – дейді.

Журналистика қысқы мектебіне қатысқан ең үздік жобалар мен идеялардың авторлары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті Мейірхан Амангелдіге, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенті Серікхан Жүзеевке, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Тәңірберген Ақбөпеге демеушілер тарапынан арнайы шәкіртақы тағайындалды. Сондай-ақ әлеуметтік желілердегі ең үздік жазбалары үшін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті Әсел Сарқытқа, «Тұран» университетінің студенті Игіликова Гүлалияға, Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын «Дарын» мектеп-интернаты Жансая Себеповаға отандық «Brosh» әшекейлер өңдейтін компанияның өнімдері тарту етілді.

ҚазҰУ «Медиасфера» орталығы