«Өнегелі өмір» сериясы жаңа кітаппен толықты

11.02.2015

Көрулер: 4662

ҚазҰУ-да «Өнегелі өмір» сериясымен белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Кеңес Аухадиевке арналған кітаптың тұсаукесер рәсімі болып өтті.


Шараны университет ректоры Ғ. Мұтанов ашып, «Өнегелі өмір» сериясының маңыздылығына тоқталды. «Бұл жинақты жыл сайын жаңа тұлғалармен толықтырып отыру біздің дәстүрімізге айналды. Университет дамуына үлес қосып, шәкірт тәрбиелеуде аянбай еңбек еткен ұстаздарымыз бен еліміздің айтулы тұлғаларының өмірін өнеге етіп, естелік жинақ ретінде шығарып отырмыз», – деді.

Кеңес Аухадиев жалпыға мемлекет және қоғам қайраткері ретінде таныс. Еңбек жолын трактор-егіс бригадасының жетекшісі болып бастап, аудандық атқару комитетінің басшылық қызметіне тағайындалады. Кеңес үкіметі тұсында бірнеше лауазымды қызметтер атқарған. Атап айтқанда, Қазақстанның ЛЖКО аппаратында, Алматы облысы комсомол комитетінде, Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып еңбек еткен. Сонымен бірге Қазақстан КП комитетінде бірінші хатшылық қызметінде болды. «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. ҚазҰУ-қалашығының құрылысы Кеңес Мұсаханұлының Алматы қаласына басшылық етіп тұрған уақытта салына басталды. Қазіргі таңда Кеңес Мұтаханұлы – «Кен-Арна К» ЖШС-нің басшысы, Д. Қонаев атындағы Халықаралық қордың вице-президенті.

«Кеңес Аухадиев» атты жинақта қайраткердің өмірбаяны мен әр жылдары атқарған қызметтік жолдарынан деректер келтірілген. Сонымен қатар кітапқа мерейтойлық естелік фотосуреттер енгізіліп, замандас- әріптестерінің пікірлері мен жүрекжарды лебіздері жинақталған.

Салтанатты жиынға Кеңес Мұстаханұлының замандас-әріптестері мен үзеңгілес достары шақырылып, қуаныш иесінің өмір жолындағы қиындықтары мен жетістіктерін айтысып, жылы лебіздерін білдірді. Шараға фармацевтика ғылымының докторы Қ.Үшбаев, медицина ғылымының докторы, ҚР ҰҒА академигі К.Ормантаев, ақын Р.Ниязбек, сәулетші Т.Әбдісәмит, белгілі жазушы, ҚазҰУ түлегі Б.Нұржекеұлы қатысты. Қонақтар «Өнегелі өмір» сериясын Мәскеуде шыққан «Жизнь замечательных людей» жинағымен салыстырып, басшылықтың бұл жобасын жоғары бағалады.

Сөз алған ақын Рафаэль Ниязбек кітап иесі туралы «Адалдықтың ақ шыңы» атты өлеңін оқып, К. Аухадиевтің азаматтық келбетін кемелдендіре түсті. Кездесуде Кеңес Мұстаханұлына студенттер тарапынан сұрақтар қойылып, пікірлер білдірілді. К. Аухадиев өз сөзінде: «Жоғары біліктілікке жетудің жалғыз жолы – тынбай еңбек ету. Осы білім ордасынан тәлім-тәрбие алған сендер болашаққа батыл қадам жасауларың керек. ҚазҰУ әлемдік деңгейдегі үздік жоғары оқу орындарымен бәсекеге түсуге қабілетті», – деді. Кездесу соңында университет ректоры Ғ. Мұтанов Кеңес Мұстаханұлын «ҚазҰУ-ға 80 жыл» медалімен марапаттады.


Баспасөз қызметі