ҚазҰУ-да тұңғыш Президент күніне арналған «Мен жастарға сенемін!» атты ІІ республикалық патриоттық фестивалі өтті

28.11.2014

Көрулер: 2955

ҚазҰУ-да ҚР Білім және ғылым министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі, «Жас Отан» жастар қанаты мен Қазақстан Жазушылар одағының қолдауымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен «Жандану» экологиялық жобасы ұйымдастыруларымен тұңғыш Президент күніне арналған «Мен жастарға сенемін!» атты ІІ республикалық патриоттық фестивалі өтті. Оған республикамыздың түпкір-түпкірінен дарынды және талантты жастар –инновациялық жобалар мен шығармашылық туындылар авторлары жиналады. Фестивалдің негізгі өзегі-отансүйгіштікке инновациялар мен шығармашылық әсерлер арқылы баулу.


Аса ауқымды шараға «Жандану» жобасының авторы Әлия Назарбаева, Қазақстан Республикасының халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов, Алматы қаласы жастар саясаты жөніндегі Басқарманың басшысы Маркен Ахметов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Алмат Исәділ, Халықаралық «Қазақстан-Заман» апталығының бас редакторы Ертай Айғали арнайы қатысты.

«Мен жастарға сенемін!» атты ІІ республикалық патриоттық фестивалі ұйымдастыру комитетінің атына еліміздің 60-тан аса жоғары оқу орнынан 1000-ға тарта жұмыстар келіп түскен. Олардың ішінде ерекше авторлық жобалар мен шығармалар, сондай-ақ ұжымдық еңбектер бар. Алғашқы іріктеу кезеңінің нәтижесінде 350 үздік жоба мен шығарма таңдалды. Іріктеу талаптары өте салмақты деңгейде қадағаланды. Байқауларға қатысушылар ұсынған туындылардың шынайылығы, шешімдерінің ерекшелілігі, ойлау қабілетінің ұшқырлығы, тұжырымдамалығы, шығармашылық әлеуеті басым ескерілген.

«Мен жастарға сенемін!» патриоттық фестивалінің гала – форумының салтанатты шарасы ҚР Мемлекеттік туын салтанатты түрде ортаға әкеліп, Мемлекеттік Әнұранымыздың орындалуымен басталды. Шарада алғашқы болып танымал жас әнші Малика Есмуханбетова «Өмір бәйге» әнін орындады. Бұл тамаша көңіл-күйді әнші, Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының иегері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Гүлнұр Оразымбетова «Туған ел!» әнімен жандандырып жібергені рас. Әсем әннің әдемі әуенінен кейін кезек алған ҚазҰУ-дың өнерлі «Бақыт» студенттік би ансамбілі мың бұрала билеген әдемі биімен жүректі баурап алды. Ал туған ел мен жерге деген құрметін, болашаққа деген зор сенімін бимен өрнектеген Қазақ ұлттық аграрлық университетінің «Гүлбану» би ансамбілі көңілдегі әдемі күйге әдемі үн қосты.

Сонымен «Мен жастарға сенемін!» патриоттық фестивалінің гала – форумының жүзден жүйрік, мыңннан тұлпар шыққан студенттер Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бір жыл тегін оқу гранты сертификатына және арнайы сыйлыққа ие болды. Олар «Менің ел дамуына қосқан нақты үлесім» атты студенттік инновациялық жобалар байқауы бойынша 1-ші орынды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті Ерасыл Ерланұлы иеленген, ал әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бір жыл тегін оқу гранты сертификатына Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Санжар Өміралиевие болды. «Мен өз елімнің гүлденуі үшін не істей аламын?» атты студенттік эссе бойынша Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті гуманитарлық-педагогикалық факультетінің 4 курс студенті Нұрбек Ақпанбетов, «Мен жастарға сенемін!» студенттік поэзиялық азаматтық-патриоттық шығармалар байқауында жалынды жыры мен ақындық талантымен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті журналистика факультетінің студенті Сарсенхан Батырхан, «Мәңгілік ел-мұратым!» патриоттық ән байқауының жеңімпазы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының студенті Айгерім Тәжі патриоттық фестивалдің жеңімпаздары атанды.