ҚазҰУ-да «Мен жастарға сенемін!» студенттік жастар фестивалінің гала-форумы өтеді

25.11.2014

Көрулер: 2892

Қазақстан 1 желтоқсанда Тұңғыш Президент – Ұлт көшбасшысы күнін атап өтеді. Осы айтулы оқиғаға арналған аса ауқымды «Мен жастарға сенемін!» республикалық патриоттық фестивалі аясында биыл әл-Фараби атындағы ҚазҰУ екінші жыл қатарынан республикамыздағы талантты жастардың басын қоспақ.


Фестивальді ұйымдастырушылар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен «Жандану» экологиялық жобасы. Шараға ҚР Білім және ғылым министрлігі, «Жас Отан» жастар қанаты мен ҚР Жазушылар одағы, Алматы қаласы әкімдігі қолдау білдіріп отыр.

Фестиваль студент жастардың Қазақстан болашағына деген патриоттық сезімі мен азаматтық жауапкершілігін, әлеуметтік белсенділігі мен рухтандырушылдығын арттыруға бағытталған. Жастар еліміздің – ертеңі. Себебі, дәл осы ертеңгі елдің ажарын анықтаушы, тағдыршешті күші, Қазақстан дамуының болашақтағы бағыты олардың азаматтық ұстанымымен тығыз байланысты.

«Еліміздің инновациялық дамуына менің қосқан нақты үлесім» атты студенттік инновациялық әлеуметтік маңызы бар жобалар байқауы, «Мен елімнің гүлденуі үшін не істей аламын?» атты үздік студенттік эссе, «Мен жастарға сенемін!» тақырыбындағы студенттік поэзиялық азаматтық-патриоттық шығармалар және «Мәңгілік ел мұратым!» патриоттық ән байқауы бойынша студенттік жұмыстар фестивальдің алғашқы кезеңінде бір ай көлемінде қабылданған. Ұйымдастырушылар комитетіне еліміздің жоғары оқу орны студенттерінен 1000-нан астам жұмыс келіп түскен. Олардың ішінде үздік деп танылған 350 еңбек авторы фестивальдің гала-форумына шақырту алды.

Форум барысында қатысушылар тақырыптық пленарлық және шығармашылық секцияларды өткізетін болады. Сонан соң беделді мамандардан құралған тәуелсіз сарапшылар әр байқау бойынша жеңімпаздар есімін жариялайды. Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында өтетін гала-форумның салтанатты жабылу сәтінде жеңімпаздар мен қатысушыларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылатын болады. Фестивальдің ең басты сыйлығы – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бір жыл тегін оқу гранты.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі