Халықаралық студенттер күніне орай Студенттер сенатының кубогы үшін КТК өтті

18.11.2009

Көрулер: 2501

Көңілді тапқырлар клубының факультеттер арасындағы жыл сайынғы, дәстүрлі сайысы осы жылы 17 қараша - Халықаралық студенттер күніне орай Ө.А.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында өтті. Студенттер сенаты кубогы үшін өткізілді. Университетіміздің студенттеріне арналған бұл кеш Студенттер сенатының тікелей ұйымдастыруымен өтті.

Көңілді тапқырлар клубы сайысының тақырыбы биылғы ҚазҰУ-дың 75 жылдық мерейтойына орай «Бізге 75 жыл!» деп аталды.

Сайысқа түсуге ниет білдірген 25 командадан ақтық сыңға тек 16 команда ғана жолдама алған болатын. Олар: биология факультетінен «Достар» және «Второе дыхание», ҚазҰУ колледжінен «Juniors», халықаралық қатынастар факультетінен «Интранет» және «Теоретики с акцентом», филология және журналистика факультеттерінен «Сенсация», химия факультетінен «Chemical brothers», механика-математика, экономика және бизнес, география факультеттерінен «Бермудский треугольник», шығыстану факультетінен «Восточные, прикольные», экономика және бизнес, биология, механика-математика факультеттерінен «Баян апайдың ұлдары», география, экономика және бизнес факультеттерінен «Құдай сақтасын!», тарих факультетінен «Скифы», механика-математика факультетінен «Шпильки» және «Новые ощущения», философия және саясаттану факультетінен «Парламент», экономика және бизнес, биология, механика-математика факультеттерінен «Институт проблем горения» командалары.

Әзіл мен күлкіге толы кешті ҚазҰУ КТК-ның өзгермес жүргізушісі Мади Амирбеков студенттерді құттықтау сөзімен бастады. Университетіміздің көңілді тапқырларын бағалауға шақырылған әділқазылар алқасы қатарында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Бақыт» би ансамблінің көркемдік жетекшісі - Галя Асанғазықызы Есмұхамбетова, 1998 жылғы Қазақстан Республикасының чемпиондары болған университетіміздің «Дипкорпус» командасының мүшесі Нұржан Ешниязов, 1999 жылы Қазақстан Республикасының чемпиондары, Талдықорған құрама командасының мүшесі Юрий Копнов және алқа төрағасы Қазақстан Республикасының ашықКТК лигасының президенті Тимур Ерджанов отырды.

Студенттер сенатының кубогы үшін өткізілген сайысқа қатысушы командалардың көп болуына қарай сайыс тек бір ғана «Freestyle» конкурсынан тұрды. Көңілді тапқырлар студент-қонақтарды өздерінің әзіл-қалжындарымен күлкі патшалығына 3 сағатқа сапар шегуге мүмкіндік берді. Сахнаға шыққан командалардың қалжындары студенттер мен қонақтарды еріксіз езу тартуға мәжбүрледі.

16 команда түгелдей өнер көрсетіп, әділқазылар алқасы қойған бағаны есту үшін сахнаға жиналды. Командалардың өнерлері 6 баллдық жүйе бойынша бағаланды. Есептеу комиссиясы қойылған баллдарды есептеп болғанша Мади Амирханов сахнаға микрофон алдырып, шағын «Разминка» конкурсын өткізіп жіберуді ұсынды. Әділқазылар қорытынды үкім шығарып болғанша, командаларға сұрақ қоямын деп талаптанушылар залдан бірден микрофон тұтқасына келіп, астарлы сұрақтарын қойып, команда мүшелерінің әзілге толы жауаптарын естіп үлгерді.

Сайысты ұйымдастырушы ҚазҰУ Студенттер сенаты қатысушы барлық командаларды халықаралық студенттер күніне орай өткізілген студенттер мейрамына атсалысып қатысқандары үшін алғыс грамоталарымен және шағын сыйлықтармен марапаттады. Үздік үштікке кірген командаларды анықтау сәті де келіп жетті. 3-орынды механика-математика факультетінің «Новые ощущения» дуэті иеленсе, 2-орынға лайықты өнерді әзілі мен қалжыны жарасқан экономика және бизнес, биология, механика-математика факультеттерінің «Баян апайдың жігіттері» құрама командасы көрсетті. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» команданы марапаттауға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Тіл және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Шолпан Ерболқызы Джаманбалаева шақырылды. Шолпан Ерболқызы алдымен ректорымыз, Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұловтыңатынан ҚазҰУ студенттерін Халықаралық студенттер күнімен құттықтап, студенттерге зор денсаулық, алдағы өмірлерінде тек табыс тіледі. Сонымен, бірінші орынды және Студенттер сенатының кубогын Шолпан Ерболқызынынын қолынан экономика және бизнес, биология және механика-математика факульттерінің «Институт проблем горения» құрама командасы алды.

Айта кететін бір жәйт, жүлделі орынға ие болған команда мүшелері оқу ордамыздың атын қалалық және республикалық деңгейде шығарып жүрген университет құрама қомандасын құрайды. ҚазҰУ КТК-ның жанкүйерлеріне тағы бір қуанышты жаңалық, ҚазҰУ КТК құрама командасы еліміздегі барлық 4 КТК лигасының жартылай финалдарына жолдама алды. Ендігі жерде тапқыр да көңілді жігіттерімізге тілейтініміз «қара шаңырағымыздың» атынан лайықты дәрежеде өнер көрсетулері.