«Театр – өмір айнасы» атты кездесу кеші өтті

18.11.2014

Көрулер: 2281

Жақында журналистика факультетінде белгілі актер Азамат Сатыбалды мен актриса Жастар сыйлығының лауреаты Асқарова Шынар Мұқанқызының қатысуымен «Театр – өмір айнасы» атты кездесу кеші өтті. Кешті Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасы «Айналаңды нұрландыр!» жобасы аясында ұйымдастырды.


Жастардың театрға деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған кездесуде М.Әуезов атындағы драма театрдың қос актері өнер жолындағы өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, театрдың құдіретті күші хақында сыр шертті. Сондай-ақ студенттер көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, жылы лебіздерін де білдірді.

Кеш барысында Шынар Асқарова: «Кинода камера үшін жұмыс істесең, театрда көрермен үшін жұмыс істейсің. Образды сомдағанда жан дүниеңмен беріліп ойнаған соң, іште салмағы, ізі қалады», - деп театрдың ерекше сезімдерімен бөліссе, Қорқыттың ролін сомдауға дайындалып жүрген Азамат Сатыбалды: «Қазір біздің театрға әлемдік деңгейдегі Йонас Вайткус деген режиссер келіп, «Қорқыт» спектаклімен жұмыс істеп жатыр. Мамыр айында келіп, біздің бүкіл спектакльдерді көріп шығып, Қорқыт роліне мені таңдапты. Қорқыт көп рольдің бірі емес. Сондықтан дайындық үстіндеміз» - деп актер болудың оңай еместігін түсіндірді.

Журналистика факультеті