"Қазақпарат" халықаралық ақпарат агенттігі

26.09.2014

Көрулер: 2494

АҚШ студенттері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды таңдады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - АҚШ университеттерінде оқитын 26 студент білім алуға еліміздегі жетекші оқу орны әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға келді.Олар бір жарым жылдан бері «Флагман» бағдарламасына қатысып, тіл білімінен емтихандар мен сынақтар тапсырған.

Мұндай алмасу әл-Фараби атындағы ҚазҰУ менАмерикандықхалықаралық білім беру кеңесі (ACCELS, АҚШ, Вашингтон) арасында әріптестік туралы екіжақты келісімге қол қойылғаннан соң жүзеге асып отыр.

«Американдық студенттердің еуропалық ЖОО арасынан қазақстандық оқу орнын таңдауы отандық білім беру жүйесінің деңгейі жоғары екенін көрсетеді. Біздің мамандардың үнемі біліктіліктерін арттырып, білімдерін жоғарылатуының арқасында, озық технологияларды ендіру, халықаралық мойындалу және білім беру бағдарламаларының жетістікпен аккредитациядан өтуі, біздің университеттің белсенді академиялық ұтқырлығы шетелдік білім алушылардың қызығушылығын тудыруда», - деді оқу орнының баспасөз хатшысы Еңлік Ақжігіт.

Мамандардың пікірінше, жаңа жоба студенттермен академиялық алмасу, ғылыми-зерттеу тәжірибелері және сынақ мерзімінен өту, бірлескен жобалар мен гранттық зерттеулерге қатысу, ең үздік ғылыми журналдарда және өзге де басқа басылымдарда нәтижелерді жариялау бағытында үлкен мүмкіндіктер ашады.

«АҚШ-тан келген студенттер бізге тіл меңгеруге келіп отыр. ҚазҰУ оқытушылары орыс тілін оқытудың кешенді бағдарламасы бойынша жұмыс істеуге дайын. Ол өзіндік ерекше оқу бағдарламасын қарастырады: үлкен көлемдегі топтың ортақ пәндерден бөлек, жеке сабақтар да жүргізіледі, білімділік, мәдениеттілік, ынталандыру әдістері қолданылатын болады. Жалпы, топтық сабақтардан басқа жеке сабақ та жүргізіледі. Американдық студенттер қазақ тілі мен қазақ мәдениет меңгеруге үлкен құлшыныс танытып отыр», - дейді шетел филологиясы және жалпы тіл білімі кафедрасының профессоры Элеонора Сүлейменова.

Автор: Гүлмира Ғосманәли