ҚазҰУ-ға ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев жұмыс сапарымен келді

10.02.2014

Көрулер: 2442

Бүгін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің университет басшылығымен және жас ғалымдармен кездесуі болып өтті.

Университет ректоры Ғ. Мұтанов министрді механика-математика факультетіндегі НР оқу орталығының, «Алгоритм» студенттік бизнес-инкубаторының, «әл-Фараби» ғылыми кітапханасының, өндірістік орталықтың, студенттерге қызмет көрсету орталығы «Кереметтің», технопарктың жұмысымен толық таныстырып шықты. Технопаркте студенттер мен старт-ап компаниялар өз бизнес-жобаларымен таныстырды. Студенттермен кездесу барысында Ә.Исекешев ҚазҰУ жанынан «Алатау» ақпараттық технологиялар паркінің үшінші кезеңін жүзеге асыру жайлы айтып өтті. Осы орайда ҚазҰУ-дың технологиялық әлеуетін байқап, инновациялық нысандарын аралаған Әсет Исекешев университет жұмысн жоғары бағалады.

«ҚР Президенті Н. Назарбаев Жолдауда жаңа экономикаға көшу мәселесін көтерді. Алматы білім мен ғылым орталығы болып табылады және инновациялық жобалардың 500-ден астамы осында өндіріске еніп келеді. Бұл жерде инновациялық жобаларды іске асыруда үлкен мүмкіндік бар. Біз Елбасы айтқандай, білімге негізделген экономиканы дамытуды қарастырып, сапаға жұмыс істеуіміз керек», - деді министр.

Бүгінде технологияны коммерциялауға бағытталған, ғылымға негізделген экономиканы қалыптастырып, министрлік тарапынан түрлі грант бөлініп отыр. Соның ішінде бизнес ашуға, идеяларды қолданысқа ендіруге және т.б. ғылыми жұмыстармен айналысуға ниеттілерге қолдау көрсетіледі. Ал, болашақта ҚазҰУ жанынан құрылатын кластер, ол орталықтандырылып, барлық ЖОО студенттері мен жас ғалымдарына қолжетімді болуы қажет.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі