Шығыстану факультетінде Халықаралық корейтану орталығының жанынан «Қазақстан-Корея» ақпараттық-ресурстық зертханасы ашылды

10-ақп-14

Көрулер: 2424

2014 жылдың 8 ақпанында шығыстану факультетінде Корея Республикасының ғылыми-оқу және қаржы-өндірістік элитасымен ынтымақтастық шеңберінде тағы бір жоба іске қосылды. Бұл идеяның бастамашысы – корейтану және жапонтану кафедрасының профессоры, Халықаралық корейтану орталығының директоры, т.ғ.д. Г.Н.Ким. Бүгінгі таңда осы идея жүзеге асырылып отыр. Шығыстану факультетінде Халықаралық корейтану орталығының жанынан «Қазақстан-Корея» ақпараттық-ресурстық зертханасы ашылды.

Бұл зертхана замануи техникамен, сондай-ақ ақпараттық және ғылыми-зерттеу әдебиетімен қамтамасыз етілген. Жоба демеушілері – Алматыдағы «Эл Джи Электроникс» АҚ – президенті Кан Хо Соб, «АК GROUP KZ» ЖШС – президенті Ян Янг Хо. «Қазақстан-Корея» ақпараттық-ресурстық зертханасының бірлескен жетекшісі Ли Чже Ван. Шығыстану факультетінің деканы, профессор Б.Н. Жұбатова, Алматыдағы «Эл Джи Электроникс» АҚ – президенті Кан Хо Соб, Халықаралық корейтану орталығының директоры, профессор Г.Н.Ким, «Қазақстан-Корея» ақпараттық-ресурстық зертханасының бірлескен жетекшісі Ли Чже Ван, «АК GROUP KZ» ЖШС – президенті Ян Янг Хо өз құттықтау сөздерін айтты. Зертхананың ашылу салтанатына Қазақстан Республикасындағы 20 корей компаниясы мен ұйымдарының өкілдері, факультеттің профессор-оқытушылар құрамы, студенттер қатысты. Студенттер, магистранттар, докторанттар алғыстарын білдірді. Олардың зертхана жобалары бойынша жоғары нәтижелерге жетеміз деген уәделері жағымды сый болды. Ашылу салтанаты корей дәстүріне сәйкес студенттердің корей әндерін айтып, би билеуімен өткізілді. Ашылу салтанатының бір ерекшелігі – мұнда корей, қазақ, ағылшын, орыс тілдері қатар қолданылып, алғыс сезімдері тілдерді жетік білумен үндесіп жатты.

Шығыстану факультеті