Ғалым Мұтанов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры: Серпінді жобаларымыз бен жоспарларымыз сәттілікпен жүзеге аса бергей!

31.12.2013

Көрулер: 2438

Құрметті әріптестер мен студенттер! Жаңа 2014 жыл құтты да табысты болсын!

Тарих қойнауына жылжып бара жатқан 2013 жыл ҚазҰУ ұжымы үшін табысқа толы болды. Ұжымдық мәдениеті қалыптасқан, кәсіби деңгейі жоғары ортаның бұл жылғы бағындырған белестері мен жетістіктері жоғары. Олардың ішінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың QS рейтингтік агенттігінің қорытындысы бойынша 299-орынға көтеріліп, «Топ-300» әлемнің ең үздік жоғары оқу орны қатарына ену арқылы халықаралық деңгейдегі өз мәртебесін арттыра түскенін ерекше атап өткім келеді.

Қазақстандық университеттер арасында ҚазҰУ ғана қол жеткізіп отырған жетістік қасиетті қара шаңырағымыздың отандық білім беру кеңістігіндегі бірегей орнын да айқындай түскені анық. Университеттің ғылым мен білім, мәдениет пен спорт саласындағы табыстары да толайым. ҚазҰУ оқытушылары мен тәлімгерлері Елбасы бастамаларына қызу қолдау білдіріп, қоғамдық шараларға белсене ат салысу арқылы ел дамуына өзіндік үлес қосып келе жатыр. Күнтізбелік жыл санау бойынша келіп жеткен жаңа жыл қарсаңында өткенге көз тастасақ, университет ұжымы атқарған ауқымды жұмыс пен өзгеге үлгі боларлық жетістіктерді көреміз. 80 жылдық мерейтоймен ерекшеленетін 2014 жылдың шымылдығын жаңа бастамамен ашып отырмыз. Мерейтойлық жылда бастау бұлағы әл-Фараби трактаттарында жатқан өнегелі қала ұғымын негіз ететін «Al-Farabi university smart city» ғылыми-инновациялық жобасы қолға алынып отыр. Бұл жобаны университетімізді әлемдік деңгейге шығаратын үлкен бастама деп санаймын. Бүгінгі таңда инновациялық технологияларды қолдана отырып, өмір сүру деңгейін заманауи сапалы етуді көздейтін ақылды, ізгілікті қала түсінігі өте өзекті. Қадірменді ҚазҰУ ұжымы! Жаңа жылда серпінді жобаларымыз бен жоспарларымыз сәттілікпен жүзеге аса бергей! Заманауи кәсіби маман даярлауды ту еткен университетіміздің қадамы әрқашан нық болсын! Баршаңызды жаңа жылмен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық-саулық, мол табыс, ырыс-несібе тілеймін! Жылқы жылы әрбір шаңыраққа татулық-бірлігімен, бақ-берекесімен енгей!