ҚазҰУ-да "Al-Farabi university smart city" ғылыми-инновациялық жобасы іске қосылады

26.12.2013

Көрулер: 3187

Жаңа жылда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да 2020 жылға дейін оқу орнының даму негізі болатын «Аl-Farabi university smart city» ғылыми-инновациялық жобасы іске қосылады.


«Қазақстан-2050» стратегиясында Президент ел алдына мықты мемлекет, дамыған экономика мен жалпыға ортақ еңбекке негізделген берекелі қоғам құру міндетін айқындап берді. Елбасы білімді арқау еткен экономика саласына баса назар аударып отырғаны белгілі. Осы орайда университеттер басты рөлде тұр. Жетекші университет ретінде Өзіне жүктелген міндеттің жауапкершілігін сезіне отырып, әл-фараби атындағы ҚазҰУ осы бағытта қарқынды жұмыс жасап келеді.

Университеттің «Аl-Farabi university smart city» жаңа моделінің түп негізінде ұлы ғалым әл-Фарабидің парасатты қала туралы ілімі жатыр. Әл-Фараби қайырымды қала трактаттарында әділ әрі ізгілікті сипаттап, оны қайырымды қала деп атаған. Оның басты белгілері рухани байлық және өмір сүруді жақсарту жолында әріптестік екені айтылады. Осы жерден қазіргі заманмен үндестік шығады: ХХІ ғасырда университеттік қалалардың орта жағдайы инфрақұрылымдар арқылы ғана емес, қаржылық және материалдық қорымен де белгіленеді. Заманауи университеттер жоғары рухани-адамгершілік деңгейде және өнегелі даму жолында болуы керек.

«Бүгін ҚазҰУ әлемде «smart» деген терминмен аталатын даму жолының жаңа сатысына келді. «Аl-Farabi university smart city» жобасы – бұл университеттік қалашықтың жаңа сапасы, оған өту әлеуметтік, экономикалық, ғылыми, мәдени жағынан жаңа нәтижеге қол жеткізуге алып келеді. «Ақылды» университеттер – бұл интеллектуалды ұлт қалыптастырудың кепілі, еліміздегі адам капиталы сапасының жоғарылауы», - деді жоба таныстырылымында ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов.

Жобаның іске асуы үшін және ҚазҰУ-дың «ақылды университетке» трансформациялануы үшін қазір барлық мүмкіндік бар. Соңғы үш жылда университетте барлық қызмет бағыты бойынша кешенді модернизация жасалды. Университет ұжымының жаңа дүниетанымына негіз болған рухани-адамгершілік және интеллектуалды мықты тұғырнама қалыптастырылған.

Зор ғылыми әлеует, заманауи инфрақұрылымға ие ҚазҰУ еліміздің инновациялық экономикасының «өсу нүктесіне» айналуда.

2020 жылға қарай кем дегенде екі ЖОО ең үздік әлемдік рейтингтен көрінуі тиіс. «Al-Farabi university smart city» жобасы ел Президенті қойған мемлекеттік маңызы бар осы тапсырманың әдіснамалық негізі болып табылады. Жоба технологиялық және рухани-адамгершілік тұжырымдамалардың біртұтастығы негізінде ғылыми, білім беру, әлеуметтік мәселелерді шешуде заманауи тәсілдерді қарастыратын жаңа буын университетін жасау ниетте. Smart-университеттер – бұл еліміздің Smart қалаларының негізі – олар Smart-Қазақстанды құрайды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі