Тәуелсіздік – сан ғасырлар бойы халқымыз аңсаған ұлы күн. - ҚазҰУ ректоры Ғалым МҰТАНОВ

16.12.2013

Көрулер: 4008

Құрметті әріптестер мен студенттер!

Сіздерді еліміздің ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!


Тәуелсіздік – сан ғасырлар бойы халқымыз аңсаған ұлы күн. Бұл – батыр бабаларымыздың алмас найзасымен, қасиетті қанымен келген киелі аманат. Бүгінгі аты әлемге танылған іргесі берік, мемлекеттігі бекем Қазақ елінің қол жеткен биік жетістіктері мен толағай табыстарының баршасы – Тәуелсіздік жемісі. Мемлекетіміздің осы тәуелсіздік алған 22 жыл ішінде халықаралық дәрежеде жоғары сатыдан көрініп, әлем елдеріне дамудың үлгісі ретінде танылуы – азаттық үшін қашанда аянбай күрескен халқымыздың асқақ рухы мен тегеурінді ерік-жігерінің арқасы. Бүгінде тәуелсіз Қазақстан саяси бағыты айқын, қалыптасқан жаңа мемлекет ретінде ғаламдық өркениеттің ажырамас бөлігіне айналды.

Құрметті көпшілік қауым!

Егемендігіміздің мерекесін зор қуанышпен, шат көңілмен қарсы алу – баршамыздың перзенттік борышымыз. Бұл күннің қадірін терең түсіне отырып, оның теңдессіз құндылығын ұрпақ бойына үнемі сіңіруге міндеттіміз. Тәуелсіздіктің мерейін асқақтатып, студент жастардың ел ертеңіне деген жауапкершілігін арттыруда университеттің ұлағатты оқытушы қауымының үлесі зор. Тәлімгерлеріміз білім мен ғылым, әдебиет пен мәдениет, спорт саласындағы жетістіктерімен туған елге деген сүйіспеншілігін дәлелдеп келеді. Осы орайда «Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан. Отанды сүю – өркениеттіліктің бірінші белгісі» деген Елбасының қанатты сөзі ойға оралады. Отанға деген шексіз сүйіспеншілігімізді іспен дәлелдеп, оның көркеюі жолында жұдырықтай жұмыла білейік! Тәуелсіздік мерекесінде ынтымағымыз арта берсін! Тәуелсіздік тұғыры берік болғай! Еліміздің әрбір шаңырағына амандық, береке-бірлік, биік жетістіктер тілеймін!

Ғалым МҰТАНОВ, ҚазҰУ ректоры