Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Иордания ЖОО-лары арасында әріптестік меморандумына қол қойылды

11.12.2013

Көрулер: 2614

Ректор, академик Ғ. Мұтанов бастаған ҚазҰУ делегациясы Қазақстан мен Иордания арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 20-жылдық мерейтойына орайластырылған шаралар аясында Иордан Хашимит Корольдігіне сапар шекті.


Сапар барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры Ғалым Мұтанов пен Қазақстан Республикасының Иорданиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Болат Сәрсенбаев Иордан университетінің президенті Эхлейф Тараунамен, Петра университетінің президенті Аднан Бадранмен, сонымен бірге Ирбид қаласындағы Ғылым және технология университетінің президенті Абдалла Малькауимен кездесулер өткізді. Аталмыш кездесулер барысында жалпы білім саласындағы ынтымақтастықты арттыруға қатысты кең ауқымды мәселелер және де ғылыми тәжірибемен алмасу бағытындағы университетаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.

«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ білім мен ғылымның интернационализациялануы университеттің әлемдік ғылым және білім беру кеңістігіндегі бәсекелестікке қабілеттілігін жоғарылатудың бірден-бір құралы екендігін барынша түсінеді, сондықтан да біздің университет әлемнің барлық университеттерімен әріптестік ынтымақтастыққа әрдайым дайын. Біз қос мемлекеттің мүддесі үшін Иордан университеттерімен байланыс орнату және дамыту мүмкіндігіне барынша ризамыз», - деп атап өтті өз сөзінде ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов.

Қазақстандақ ЖОО-ның басшысына Ирбид қаласындағы Ғылым және технология университетінің құрметті профессоры атағы беріліп, ғылымға қосқан үлесі үшін «Әл-Фараби» атындағы медаль табысталды.

Ғ.Мұтановтың «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің мысалында Орталық Азияда әлемдік дәрежедегі университетті қалыптастыру» атты тақырыпта оқыған дәрісі Иордания жоғары оқу орындары оқытушылары мен студенттері тарапынан үлкен қызығушылық тудырды.

Сонымен бірге аталмыш сапар аясында Иордан университеті жанында әл-Фараби атындағы мәдени және ғылыми-зерттеу орталығының салтанатты ашылу рәсімі болып өтті. Орталықтың қызметі араб әлемінде қазақ мәдениеті туралы ақпарат тарату, екі мемлекеттің білім мекемелері арасында серіктестік пен ынтымақтастықты орнату, Қазақстан Республикасының халықаралық деңгейдегі іскерлік, туристік тартымдылығын арттыру және еліміздің жағымды имиджін қалыптастыру мақсатын көздейді.

Қазақстан Республикасының Иорданиядағы Елшілігінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні және Тәуелсіздік күнін тойлауға ҚазҰУ студенттері ұжымы өнерпаздарының салтанаты концерті өтті.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі