«Президент және жастар» атты танымдық-тәрбиелік кеш өтті

03.12.2013

Көрулер: 2234

Егеменді Қазақстанның қалыптасуы жолындағы ізгі істердің барлығы елбасы есімімен байланысты екені даусыз. Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалап, шекарасын шегелеп, болашаққа бағыт-бағдар берген Тұңғыш Президенттің халық алдындағы еңбегі ұшан-теңіз. Міне, осы мереке қарсаңында Экономика және бизнес жоғары мектебінде э.ғ.д., профессор, академик Ө.Қ.Шеденовтың ұйымдастыруымен «Президент және жастар» атты танымдық-тәрбиелік кеш өтті.


Атаулы кештің алғашқы сөзі экономика ғылымдарыны докторы, профессор Ө.Қ.Шеденовке берілді. Ол өз сөзінде «Біз Тұңғыш Президент күнін алғаш рет 2012 жылы 1 желтоқсанда атап өттік. Ұлттық мейрамға айналған – Тұңғыш Президент күні биыл да өз жалғасын тапты. Бұған Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы, оның бірлігін қамтамасыз етуші, ел Конституциясын, адам мен азаматтың құқы мен бостандығын қорғаушы ретіндегі рөлі негіз етіп алынған. Шын мәнінде, Елбасының елімізді аяғынан нық тұрғызып, әлемге танытудағы еңбегі ұшан – теңіз. Ауылы мен қаласы қатар өскен - қуатты Қазақстан! Бүгінде Қазақстан кемел ел, ынтымағы жарасқан мемлекетке айналды. Тарихта жеке адамның рөлін ешкім жоққа шығара алмайды. Н.Назарбаев уақытын безбендеп, заманын таныған, бо­ла­шақты болжаған ірі саясаткер. Елдің басшысы қандай болса, халқы сондай. Н.Назарбаев - елі еріне, ері еліне сенген ұлы тұлға! Бұл мереке барлық қазақстандықтар Елбасымен бірегей екендіктерін білдіріп, халықтық сипат алуы тиіс. Осы мейрам көпұлтты Қазақ елінің бірлігін одан сайын бекемдей түседі. Біздің күшіміз бірлікте. Сондықтан, Елбасының ел үшін жасап жатқан бастамаларын барлығымыз бірге іске асыруымыз қажет. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еліне сіңірген елеулі еңбегі бүкіл Қазақстан халқының оған артқан зор сенімін ақтай білді. Сол себепті де халық тұңғыш президентінің өзі мен ісін ауыздан тастамай, онымен бірге жеткен жетістіктерді саралап, Елбасының елге, оның дамуына сіңірген зор еңбегін бағалап, ұлт көшбасшысы атанған тұлғаны келешек ұрпақтың да құрметтеп, ардақтап жүруіне сеп боларлық осындай Елбасы күнін мерекелеуді қалайды» - деді. Кеш барысында еліміздің тәуелсіз жылдары қол жеткізген басты жетістіктері және оған қосқан Елбасының үлесі, сондай-ақ Президенттің жыл сайын Қазақстан халқына арналған Жолдаулары туралы толық ақпарат мазмұнды да тартымды жасалған слайдтар арқылы жеткізілді. Жиында Тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуы, Елбасының өмір жолы, ерен қабілеті, салиқалы саясаты турасында баяндама жасалды. Бұған қоса, студенттер де өздерінің поэзиялық азаматтық-патриоттық шығармаларын оқып, кештің әсерлі өтуіне үлес қосты. Өткізілген шараның басты мақсаты – Елбасының жүргізіп отырған саясатын қолдау, жастардың бойында Елбасы түсінігінің мәнінің зор екендігін дәріптеу, Елбасы жүргізіп отырған шара, бағдарлама, реформалардың ҚазҰУ жастарының қолдайтындықтарын паш ету болды. Мемлекет басшысының елді дамыту мен өркендету жолында төккен тері, жұмсаған қажыр-қайраты, сіңірген еңбегі өлшеусіз. Сондықтан да, ұлт көшбасшысын ұлықтап, мерейін асқақтату әр халыққа, ұлтқа артылар міндет, жүктелер парыз болып табылмақ.

Менеджмент және маркетинг кафедрасы